Бүгiн 2026, 12:47 Фото: pixabay

TikTok-тағы тұзақ: Шымкентте үлгерімдерін жақсартпақ болған студенттер алаяқтарға алданды

Күдіктілер өздерін университет қызметкерлері ретінде таныстырған.

Шымкентте үлгерімдерін жақсартпақ болған студенттер алаяқтарға алданып қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тергеу мәліметтері бойынша, 2025 жылдың қазан айынан бастап екі күдікті TikTok әлеуметтік желісі арқылы студенттердің парақшаларын анықтап, арнайы боттардың көмегімен олардың ұялы телефон нөмірлері мен жеке деректерін жинаған.

Кейін оқу орнының портал жүйесі арқылы студенттердің үлгерім көрсеткіштерін тексеріп, кейбір студенттердің сынақтар бойынша жеткіліксіз балдары барын анықтаған.

Күдіктілер студенттерге уақытша нөмірлер арқылы мессенджерде хабарласып, өздерін университет қызметкерлері ретінде таныстырған.

Олар сынақтан өту үшін бір балл жетіспейтінін, сол себептен академиялық қарыз немесе емтиханға жіберілмеу қаупі бар екенін айтып, "мәселені шешіп беруді" және бағаларды "түзетуді" ұсынған. Осы жалған қызмет үшін әр студенттен 70-80 мың теңге алып, хабарсыз кеткен. Қазіргі таңда күдіктілердің алты эпизодқа қатысы бар екені анықталды, тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады Шымкен қаласының ПД баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін сыйақы алу үшін шотын өзгелерге берген әйел жауапқа тартылған болатын.