Бүгiн 2026, 12:27
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
TikTok-тағы әлек: Күйеуін қызғанған келіншекке жарты миллион теңге айыппұл салынды
Қызғаныш үшін «TikTok»-та жала жабу жауапкершілікке әкелді.
Жамбыл облысында күйеуін қызғанған келіншекке жарты миллион теңге айыппұл салынды.
Сарысу аудандық соты әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, жала жабу фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
2026 жылдың қаңтарында әйел өзінің «TikTok» парақшасында жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялады. Ол сондай-ақ жәбірленушінің суреттерін орналастырып, оларды қорлайтын және балағат сөздермен сүйемелдеді. Кінә тараптардың айғақтарымен және сараптама қорытындысымен дәлелденді. Келіншек кінәсін мойындап, жәбірленуші жұбайымен байланысты деп күдіктенгенін және ашу үстінде әрекет еткенін түсіндірді, - деп хабарлады Жамбыл облысының Сарысу аудандық соты.
Жәбірленуші соттан тиісті жаза тағайындауды сұрады. Ол заңды некеде тұратынын және 6 кәмелетке толмаған баланың анасы екенін хабарлады. Құқық бұзушының әрекеті оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне, күйеуімен қарым-қатынасына нұқсан, сонымен қатар оған және оның балаларына моральдық зиян келтіргенін айтты.
Сараптама қорытындысына сәйкес жариялымдарда ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлайтын сөздер мен мәлімдемелер болды. ӘҚБтК 73-3-бабы 2-бөлігінің санкциясы жеке тұлғаға 180 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Сот кінәні мойындауды, 6 баласының болуын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, айыппұл сомасын 30%-ға төмендетті. Сот қаулысымен С. кінәлі деп танылып, оған 544 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Жуалыда әйел күйеуінің телефонын тексеріп, отбасылық жанжал сотқа жетті.
Тағы оқи отырыңыздар: