TikTok-та құмар ойын ұйымдастырған алматылық 1,5 жылға сотталды
Қазіргі уақытта TikTok желісінде құмар ойындар заңсыз таратылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Негізінен бұл карта ойыны, сүйек лақтыру және онлайн рулетка. Барлық жерде принцип бірдей. Бәс тігуге шақырады. Оның төрттен бірі ұйымдастырушыда қалады, қалғанын жеңімпаз алады. Бәс тігулерді қабылдау және ұтыстарды беру банктік онлайн аударымдар арқылы жүзеге асырылады.
Желілік талдау нәтижесінде біз онлайн ойынды тарататын 100-ден астам аккаунт анықтадық. Осы жерде ұйымдастырушылар мен қатысушыларға айтқым келетіні - олардың әрекеттері заңсыз, ҚР ҚҚ 307-бабында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.Қазірдің өзінде сотталғандар бар. Мәселен, TikTok желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының 2 тұрғыны 4 айда 13 млн теңгеге жуық табыс тапқан. Тергеу қорытындысы бойынша олар 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар қазіргі уақытта сот TikTok желісінде ұқсас мазмұндағы контент үшін 4 ұйымдастырушыға қатысты іс қаралуда. Құрметті азаматтар, қырағы болып, осындай құмар ойындарға араласпауларыңызды сұраймыз. Бұл заңға қайшы. Сондай-ақ ата-аналардан балаңыздың мінез-құлқына, оның көретін контентіне және оның онлайн саудасына назар аударуын сұраймыз, - делінген агенттік таратқан ақпаратта.