Бүгiн 2026, 15:20 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

TikTok пен телефон дәуірінде ауылда кітап оқитындар қалды ма?

Кітапханашы ауыл кітапханасы – рухани орталық екенін айтты.

Қазіргі заманда жастардың көп уақыты әлеуметтік желіде өтетіні белгілі. Соған қарамастан, кітап оқуға деген қызығушылықтың қайта оянып жатқанын кітапханашылар да растайды. Ауыл тұрғындарының кітап оқу мәдениеті қалай дамып жатыр? Жастар қандай әдебиеттерді таңдайды?Осы  және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін BAQ.KZ тілшісі Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Сауран ауылдық кітапханасының қызметкері Арайлым Тұрғанбековамен сұхбаттасты.

– Арайлым, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Кітапхана саласына қалай келдіңіз?

– Мен Сауран ауылдық кітапханасында 2021 жылдың қазан айынан бері қызмет етіп келемін. Осы уақыт ішінде оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру бағытында бірнеше жобаны қолға алдық.

Соның бірі – «Онлайн кітап» жобасы. Бұл әсіресе көзі нашар көретін немесе кітапты өздігінен оқи алмайтын жандар үшін өте тиімді бастама. Негізгі мақсатымыз – кітапты барынша қолжетімді ету және оқырман ынтасын ояту.

– Осы жылдар ішінде оқырмандардың талғамында қандай өзгерістер байқалды?

– Бұрын оқырмандар көбіне классикалық және көркем әдебиеттерді таңдаса, қазір психология, өзін-өзі дамыту, мотивациялық және заманауи әдебиеттерге сұраныс айтарлықтай артты. Дегенмен қазақ әдебиетіне деген қызығушылық төмендеген жоқ. Оқырмандар заманауи бағыттағы еңбектермен қатар ұлттық әдебиетімізді де тұрақты түрде оқып жүр.

– Қазіргі таңда ауыл жастарының кітапқа ықыласы қандай деңгейде?

– Жастардың кітапқа деген қызығушылығы артып келеді. Біз мектеп оқушыларымен тұрақты жұмыс жүргіземіз. Әдеби кештер, кітап көрмелері мен танымдық кездесулер ұйымдастырамыз. Әр оқырманның жас ерекшелігі мен қызығушылығына қарай кітап ұсынуға тырысамыз.

Мысалы, поэзияға қызығатын жастарға өлеңді мәнерлеп оқудың қыр-сырын үйретсек, көркем шығармалар арқылы кейіпкерлердің мінезі мен іс-әрекетін талдауға бағыт береміз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде кітапханаға келетін жастар саны көбейіп келеді.

– Қазір жастардың көбі әлеуметтік желіде отырады. Технология заманында оларды кітапқа қалай тартуға болады?

– Қазіргі жастар TikTok, Instagram секілді платформаларда жиі отырады. Кітапты сол әлеуметтік желілер арқылы насихаттау қажет. Қызықты кітаптарға бейнешолу жасау, кітап оқу челлендждерін ұйымдастыру, түрлі танымдық бейнероликтер жариялау жақсы нәтиже береді.

Технологияны кітапқа қарсы қоюдың қажеті жоқ. Керісінше, оны кітап оқу мәдениетін дамытудың тиімді құралы ретінде пайдалануымыз керек.

– Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту және «Зерделі ұлт» қалыптастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл бастама ауыл кітапханаларының жұмысына қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?

– Бұл Жарлық ауыл кітапханаларын заманауи зияткерлік орталыққа айналдыруға үлкен серпін береді деп ойлаймын. Ол ауылдық жерлердегі материалдық-техникалық базаның жаңаруына, кітап қорының жаңа әдебиеттермен толықтырылуына және тұрғындардың мәдени деңгейін көтеруге оң әсер етеді. Мұндай бастамалар кітапхананың қоғамдағы рөлін күшейтеді.

– Президент Жарлығында жаңа форматтағы кітапханалар мен цифрлық сервистерді дамыту мәселесі де көтерілді. Ауыл кітапханалары бұған қаншалықты дайын?

– Жалпы дайындық деңгейі жақсы. Қазір Сауран аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Құндызай Нәлшееваның қолдауымен кітапханашыларымыз жасанды интеллект технологияларын меңгеріп, кітап насихаттау ісінде пайдаланып келеді. Егер шалғай ауылдардағы интернет пен техникалық жабдықтау мәселесі толық шешілсе, бұл мүмкіндіктер одан әрі кеңейеді.

– Ауыл тұрғындары арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Бұл бағытта жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Ө. Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өнегелі өмір – өшпес мұра» аудандық байқауы мен балаларға арналған «Кітап апталығы» зияткерлік ойындары жоғары деңгейде өтті.

Сонымен қатар «100 кітап» жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысымен бірлесіп, «Абай әлемі: Оңтүстік пен Солтүстіктің рухани үндестігі» атты республикалық телекөпір ұйымдастырдық.

2025 жылдың маусым айынан бастап «Өлең – өмір үні» атты авторлық онлайн поэзия жобасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде оған ауыл тұрғындарымен қатар Түркістан, Кентау және Қызылорда қалаларының оқырмандары да белсенді қатысып жүр.

– Кітапхана қоры туралы айтып өтсеңіз.

– Қазіргі таңда кітапхана қорында 8 764 кітап бар. Қор жыл сайын жоспарлы түрде толықтырылып келеді. Жаңа кітаптардың басым бөлігі мемлекет тарапынан жеткізілсе, бір бөлігі кітапхана жанашырлары мен ауыл тұрғындарының сыйға тартқан туындылары арқылы толықтырылады.

Осы ретте кітапхана қорын байытуға үлес қосқан ауыл кәсіпкері Қаракөзайым Әбжановаға, сондай-ақ Болат Сопбеков, Қанат Байзақов, Светлана Мұратханова және Әшірәлі Нәлібаев сынды ауыл жанашырларына ерекше алғысымызды білдіреміз. 

– Кітапханаға күніне орта есеппен қанша оқырман келеді?

– Кітапханамызға күніне шамамен 15-20 оқырман келеді. Олардың басым бөлігі – мектеп оқушылары мен бүлдіршіндер. Балалар әдебиетін оқуға келген жас оқырмандармен тұрақты жұмыс жүргіземіз. Әсіресе белсенді оқырмандарымыздың бірі – Әбдінасыр Көркем. Біз балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырып келеміз.

– Әрбір қазақстандық оқуы тиіс қандай шығармаларды ұсынар едіңіз?

– «100 кітап» жобасына енген шығармалардың барлығы оқуға лайық деп есептеймін. Әсіресе қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын, тарихи романдарды және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін еңбектерді оқуға кеңес берер едім. Мұндай кітаптар адамның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, халқымыздың тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік береді.

– Кітапхананың қазіргі жағдайы мен инфрақұрылымы көңіліңізден шыға ма?

– Иә, толықтай көңілімнен шығады. Кітапхана менің жай ғана жұмыс орным емес, үлкен рухани ортам. Негізі өз мамандығын жақсы көрген адам кез келген жерде немесе ортада жұмыс істеуге дайын. Кітапханашы мен үшін жай ғана мамандық емес, бұл – өз ісімді сүйіп атқаратын, рухани ләззат сыйлайтын өмірлік жолым.  Сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын. Бүгінде оқырмандарға қолайлы жағдай жасалып жатыр және алдағы уақытта мүмкіндіктердің одан әрі кеңейетініне сенемін.

Қорытындылай келе, Арайлым Тұрғанбекованың айтуынша, кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мәдени орталыққа айналуы тиіс.

Біздің кітапханамыз орналасқан өңір – тарихы терең, кезінде Ақ Орданың астанасы болған, өзінің шайқалмалы мұнаралары мен жерасты кәріз су жүйесімен орта ғасырларда әлемді таңғалдырған ұлы Сауран қалашығының іргесінде орналасқан. Сондықтан біз тек кітап оқытып қана қоймай, осы бабалар аманатын, ұлы тарихымызды жас ұрпаққа насихаттауды басты парызымыз деп білеміз, – дейді кітапханашы.

Осылайша, бүгінгі ауыл кітапханалары тек кітап сақталатын орын емес, тұрғындардың білім алып, жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды мәдени орталыққа айналып келеді. Ал кітапханашылардың еңбегі жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, кітап оқу мәдениетін дамытуға өз үлесін қосып жатыр.

                                                                                                                                                                                                                 Аида Шакибекова