TikTok пен Instagram түнде бұғатталады: Ұлыбритания жасөспірімдерге шектеу енгізді
Ұлыбритания үкіметі 16-17 жастағы жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді түнгі уақытта пайдалануына шектеу енгізілетінін жариялады. Жаңа ережеге сәйкес, әдепкі баптаулар бойынша танымал платформалардың бірқатарына түнгі сағат 00:00-ден 06:00-ге дейін қолжетімділік бұғатталады, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Шектеу Instagram, TikTok және YouTube сияқты сервистерге қатысты болады. Дегенмен, жасөспірімдер аккаунт баптауларын өзгерту арқылы бұл мүмкіндікті өз бетінше өшіре алады.
Түнгі шектеуден бөлек, Ұлыбритания билігі пайдаланушыларды экран алдында ұзақ ұстап тұратын функцияларды да әдепкі күйде өшіруді ұсынып отыр. Олардың қатарында бейнелердің автоматты түрде қосылуы және шексіз жаңалықтар таспасы бар. Үкіметтің пікірінше, бұл шаралар жасөспірімдердің ұйқы сапасын жақсартып, зейінін арттыруға және отбасы мүшелерімен қарым-қатынасына оң әсер етуге мүмкіндік береді.
Шектеулер кеңейтіледі
Жаңа бастама Ұлыбритания билігінің кәмелетке толмағандарды интернет кеңістігінде қорғауға бағытталған саясатының жалғасы саналады. Маусым айында үкімет 16 жасқа толмаған балаларға бірқатар әлеуметтік желілерді пайдалануға толық тыйым салу жоспары бар екенін мәлімдеген болатын.
Бұдан бөлек, елде цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шаралар қолданыста. Олардың қатарында құрылғылардағы ата-аналық бақылау жүйелері және балаларға арнайы бейімделген танымал сервистердің нұсқалары бар.