TikTok АҚШ-та жаңа келісімге қол жеткізді
TikTok АҚШ-та тыйым салынбау үшін америкалық бақылауда болатын жаңа бірлескен кәсіпорын құруға келісті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Жаңа құрылым TikTok US Data Security (USDS) деп аталады және АҚШ-тағы пайдаланушылардың деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Келісімге сәйкес, кәсіпорынның 80,1%-ы америкалық және халықаралық инвесторларға, ал 19,9%-ы ByteDance-ке тиесілі болады.
Басқарушы инвесторлар қатарында Oracle, Silver Lake және MGX бар. TikTok алгоритмдері АҚШ аумағындағы Oracle бұлттық серверлерінде сақталып, сол жерде жаңартылып отырады.
Бұл келісім TikTok-қа қатысты бірнеше жылға созылған саяси даулардан кейін жасалды. 2024 жылы қабылданған заң ByteDance-ке TikTok-тың АҚШ-тағы активтерін сатуды немесе тыйымға ұшырауды талап еткен болатын.
Ақ үй өкілдерінің мәлімдеуінше, келісімге АҚШ пен Қытай үкіметтері мақұлдау берген. Ал Дональд Трамп бұл шешімді жоғары бағалап, TikTok енді америкалық инвесторлардың бақылауында болатынын атап өтті.
TikTok-тың АҚШ-та 200 миллионнан астам пайдаланушысы бар.