9 Қазан 2026, 14:35 Фото: pixabay.com

Тікелей эфирдегі заңсыз контент: ІІМ қанша адамды жауапқа тартты?

Қазақстанда «трэш-стриминг» ұғымын заңнамаға енгізу әзірге орынсыз. Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерде құқыққа қайшы контент тарату мәселесіне қатысты осындай позиция білдірді. Бұл туралы ІІМ басшысы Ержан Саденов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Трэш-стриминг» ұғымын заңға енгізу ұсынысына қатысты ІІМ мұны қажет деп санамайды. Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы заңнамада онлайн-платформалардағы контентке қатысты тиісті нормалар бар.

Атап айтқанда, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңда онлайн-платформадағы контент ұғымы айқындалған. Ол аудиовизуалды нысандағы ақпаратты да қамтиды. Сонымен қатар қатыгездікті, зорлық-зомбылықты, порнографияны және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерді насихаттайтын жарияланымдарды таратуға тыйым салынған.

ІІМ «трэш-стриминг» термині бағалау сипатына ие әрі нақты заңдық мазмұны жоқ деп есептейді. Министрлік мұндай ұғымды енгізу құқық қолдану кезінде әртүрлі түсіндіруге әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

«Трэш-стрим» үшін қандай жауапкершілік бар?

Ведомствоның мәліметінше, нақты құқыққа қайшы әрекеттер үшін қылмыстық және әкімшілік заңнамада жауапкершілік қарастырылған.

Мысалы, азаматтар:

  • Қылмыстық кодекстің 174-бабы – әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру;
  • Қылмыстық кодекстің 274-бабы – көрінеу жалған ақпарат тарату;
  • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы – жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру немесе тарату бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.

Биыл 9 айда Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша 72 қылмыстық іс қозғалған. Оның 21-і сотқа жолданған.

Ал Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша 64 қылмыстық іс қозғалып, оның 9-ы сотқа жіберілген.

ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша 124 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

184 аккаунт тексерілді

ІІМ әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша да жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

TikTok, Threads, Instagram, Telegram және Facebook желілеріндегі мониторинг барысында 184 аккаунт тексерілген.

Тексеру нәтижесінде 86 пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде:

  • 56 адамға айыппұл салынған;
  • 29 адам әкімшілік қамауға алынған;
  • 1 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған.

Сонымен қатар Үкімет Аппаратының тапсырмасы аясында «Super Vision» мониторинг экожүйесінің жобасы әзірленіп жатыр. Жоба онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының ашық дереккөздерінен ақпарат жинау және оны талдау процестерін автоматтандыруға бағытталған.

Азаматтарды тікелей эфирге келісімінсіз шығаруға болмайды

Құрылтай депутаттарының сауалында азаматтарды олардың келісімінсіз тікелей эфирге шығару және олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында құқықтарын қорғау мәселесі де көтерілген.

ІІМ мәліметінше, азаматтардың абыройын, қадір-қасиетін және бейнесін қорғау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабы негізінде қамтамасыз етіледі. Оған сәйкес адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға жол берілмейді.

Министрлік сот арқылы қорғаудың қолданыстағы тетіктері, сондай-ақ Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің нормалары азаматтардың беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуды тоқтатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен бірге ІІМ тікелей эфирлердің ерекшелігін ескере отырып, онлайн ортада азаматтардың бейнесін заңсыз пайдалануға және оларды балағаттауға қатысты шағым беру тәртібін жетілдіру қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, онлайн-платформалардың азаматтардың негізді өтініштеріне жауап беру мерзімдерін қысқарту мәселесін қарастыру ұсынылды.

ІІМ кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғауға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.