12 Қараша 2026, 23:35 Фото: Астана қаласы ПД

Тікелей эфирдегі әдепсіздік: астаналық азамат 7 күнге қамалды

Полиция өкілдері жария тікелей эфирлер, пікірлер мен жазбалар кезінде де қоғамдық мінез-құлық нормаларын сақтау қажеттігін еске салды.

Астанада TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир жүргізу кезінде бейәдеп сөздер қолданған 36 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 7 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok платформасындағы тікелей эфирдің бейнежазбасы анықталған. Онда аккаунт иесінің көрермендермен сөйлесу кезінде бірнеше рет бейәдеп сөздер қолданғаны байқалған.

Тексеру нәтижесінде құқық бұзған азаматтың жеке басы анықталды. Ол Тараз қаласының 36 жастағы тумасы болып шықты.

Тараз қаласының 36 жастағы тумасы Д. С. анықталды. Айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзу арқылы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен құқық бұзушыға 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды, – деп хабарлады полиция.

Сонымен қатар полиция өкілдері жария тікелей эфирлер, пікірлер мен жазбалар кезінде де қоғамдық мінез-құлық нормаларын сақтау қажеттігін еске салды.

Жария тікелей эфирлер, пікірлер мен жазбалар пайдаланушыларды қоғамдық мінез-құлық нормаларын сақтау және айналасындағыларды құрметтеу міндетінен босатпайды. Заңға қайшы әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген, – деп атап өтті құқық қорғау органдары.