Тик тоққа кеткен тик-так (уақыт)

Әлем бойынша танымалдылыққа ие Tik-tok платформасы жайында зерттеп көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде еңкейген қария мен еңбектеген жастың бәрі осы әлеуметтік желіге құмар-ақ. Үйдегі ата-ана бала не көріп жатыр, неден үлгі алуда, хабары жоқ.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл бағдарламаны 500 млн-нан астам адам қолданады. Ал солардың ішінде 400 млн-ы күнделікті белсенді қолданушылар болып табылады екен. Белсенді қолданушылар қатарын 69%-ы жасөспірімдер құраса, 31%-ын ересектер құрайды. 

Бұл, әрине, қоғаммен бірге адамның бірге дамуының көрінісі. Бірақ, оның пайдасы мен зияны туралы бұған дейін де мың жазылып, сан айтылған. Дегенмен, сол баяғы жартас... 

Атың шықпаса, жер өрте

Жастар арасында үлкен танымалдылыққа ие бұл әлеуметтік желі жаңа таланттардың шығуына, өз өнерлерін танытуға таптырмас мүмкіндік болып отыр. Одан қалса, әртістік шеберліктерін шыңдап, сол арқылы кино әлеміне қадам басып жатқан жандар да қаншама. 

Екіншіден, «Тик-ток» желісі ұлттық құндылықты дәріптеп, әлем назарына жаңа форматта ұсынуға жол ашады. Мысалы, биыл 175 жылдығы аталып өткен Абай Құнанбайұлының суретіне жан бітірген бейнетаспа әп-сәтте әлемге таралып, көп қаралым жинаған. 

Біздің кей жастар қалай пайдалануда? Көбісі, танымалдылыққа алып баратын жол дері мүмкін. Енді, бірі, ақша табамын деп сайқымазақтың рөлінде отыр.

Атың шықпаса жер өрте,-деген тіркестің мәнін сол әлеуметтік желідегі сайқымазақтар ашып тұрғандай.

Тик-токтан пайда табамын деп...

«Тик-ток» қолданушысы Арайлым Әлайдарова (аты өзгертілген) күніне 20-30 мың теңге пайда табатынын айтады. Оның сөзінше бұл қаражат оның күнделікті ішіп-жеуіңе жетеді.

Өзім ірі сауда орнында сатушы болып жұмыс істеймін. Күні-бойы қолым бос. Адам жоқ кезде, тик-токта тікелей эфирде отырамын. Әрине, кей кезде түрлі батлдарға шығып, ойындар ойнап, ерсі қылықтар істеуге тура келеді. Себебі, сол арқылы мен күніне 20-30 мың теңге тауып отырмын. Ал ақшаның дәмін көргеннен кейін, сенде ұялу деген болмайды, –  дейді ол.

Бұл пікірді ұстанатындар саны көп. Себебі қазір елімізге танымал адамдар, блогерлер де осы әлеуметтік желінің белсенді тұтынушылары.

Аузыңа келгенін айтып, көрерменмен жаға жыртысатын, лексикасына бей әдеби сөздерді қолдана отырып, пайда табатын адамдар да табылады. Оған мысал, әлеуметтік желіде «Сампо», «Гугуша», «Хан-ата» есімді қолданушылар. Осындай ерсі қылықтары үшін Мұрат Әбілда есімді қолданушы бүгінде темірторда өз жазасын өтеп отыр. 

Әлем қарсы, бірақ...

Тигізер зиянына қарай бұл платформаға әлемнің кей елдерінде шектеу бар. Мысалы Үндістан билігі бұл қосымшаға тыйым салған. Оның себебі, бұл қосымша елдің тәуел­сіздігіне, қорғанысына, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке әжептеуір зиян келтіретін желі ретінде көрсетіледі. Сондай-ақ АҚШ-тың сөзінше Тик-ток Қытайдың арнайы ақпарат алу үшін жасаған қосымшасы деген пікірде. 

Бірақ саясаттанушылардың пікірінше Қазақстан олай өз мүддесін қоя алмайды. Себебі, бұл  біздің елімізде енді ғана дамып келе жатқан қосымша.

Қазақстандағы маманардың сөзінше де, кез келген әлеуметтік желінің өмір сүру уақыты болады және ондағы ақпараттың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан тек Tik-Tok қана емес, барлық әлеуметтік платформаға қойлатын талап бір дейді ол.

Facebook, Instagram, Tik-Tok секілді платформалар ақша төлемей-ақ адамдарды танымал қыла алады. Өз аудиториянды жинап, өз бағытыңды айқындап алсаң дұрыс жағынан табыс көзіне айналдыруына болады. Сондықтан оның болашағы алда. Қазірдің өзінде сауда дүкендері, ірі мекемелер, тіпті мемлекеттік мекемелер де өз аккаунттарын ашуда. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жастармен бір арнада болуды құп көріп, өз парақшасын ашты. Осының өзі Қазақстанда бұл әлеуметтік желінің маңызын көрсетеді, – дейді Тик-ток қолданушысы, блогер Айдана Маратқызы.

Түйін

 Иә, жақсы болсын, жаман болсын, қоғаммен бірге өсейік деген ұғымнан аулақ болғанымыз абзал. Арзан атақ пен құнсыз ақшаны межелеп, қанмен келген қазақылығымызға сызат түсіріп алмайық. Ұлы ойшыл Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы