Тиісті заңдар күшіне енсе, еліміздегі саяси бәсекелестіктің ережесі өзгереді – Айдос Сарым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы белгілі саясаткер, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым хабарлады. 

Сондай-ақ ол  бүгін өткен Мәжілістің отырысында тақырыпқа арқау болған Қаңтар оқиғасына қатысты өз пікірін ортаға салды. 

Бұл – шындықтың басы ғана. Әріптестеріміз айтқандай, тергеу толық аяқталғанша айтуға болмайтын құпия жақтары да бар. Өткен жылы АҚШ-та Капитолийді басып алу оқиғасы бойынша 800 қылмыстық іс қозғалған  болатын. Соның алғашқы соттары бүгін жүріп жатыр. Сол сияқты бізде де (Қаңтар оқиғасы бойынша істер – ред.) әр түрлі жылдамдықпен жүретін болатын. Ұрлық, дүкен тонау сияқты істерге қатысты соттар бірінші кезекте болса, одан кейін барып үлкен істер қарала бастайды, - деп атап өтті мәжілісмен.

Мәжіліс отырысындағы ведомство басшыларының есебіне қатысты былай деп отыр. 

Біз үнемі күштік құрылыммен, басқаларымен араласып, жұмыс істеп жүрген соң біраз ақпараттан хабарымыз бар. Бірақ істің құпиялылығына байланысты ештеңе айта алмаймыз. Толыққанды деп айтуға болмайды. Қоғамның күткені біраз басқашалау болғаны анық. Бірқатар адамның аты аталса деді. Кейбір істер құпия.  Заң бойынша соттың шешімі өз күшіне енбей біреуді қылмыскер немесе айыпты деп айта алмаймыз. Біршама уақыт қажет деп отыр. Әрі қарай не болатынын көрейік, - деді ол. 

Сонымен қатар 16 наурыз күні халыққа Мемлекет басшысының Жолдауынан не күтетінін де айтты.

Конституциядан бастап бірқатар заңдарға өзгеріс енгізіледі деп күтудеміз. Жолдаудың ең үлкен қолдауы – байыппен, кезек-кезегімен ұзаққа созбай өзгерістер қабылдау. Мәселен, сайлау, партиялар  туралы заң өзгеруі керек. Тиісті заңдар күшіне енген соң еліміздегі саяси бәсекелестіктің ережесі, тәртібі өзгереді. Жаңа ойыншыларды сахнаға келе бастайды, - деді Айдос Сарым. 

Ал «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы өз кезегінде Жолдаудан соң жиналып, өз ұсынысымызды айтуға әзір екендігін алға тартты. 

Жолдаудан соң депутаттық топ, фракциялар жиналып, өзіміздің іс жоспарымызды айтамыз. Президенттің кез келген бастамасы бойынша өз тарапынан жұмыс істеуге дайын. Мәселе сөзде емес, оның қалай іске асырылуында, - деді депутат.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы