Тиімді және тиімсіз директор. Биыл мектеп басшыларын ротациялау жалғаса ма?
2022 жылы елімізде 961 білім беру ұйымының басшысы ротацияланды. Енді ол жұмыс биыл да жалғасын таба ма? Бұл сұрақтың жауабын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған дейін Мәжілістің жалпы отырысында бір топ депутат мектеп директорларын ротациялау мәселесін көтеріп, Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдаған болатын.
Депутаттардың айтуынша, директорларды ротациялау педагогтер ортасында әртүрлі пікір туындатып отыр.
Ротация жүргізу қағидаларында бірінші басшының жұмысының тиімділігінің көрсеткішін анықтау қарастырылған. Алайда, бұл көрсеткіш ротация тәртібіне қалай әсер ететіндігі көрсетілмеген. Ережеде тек жеті жылдан астам уақыт бойы тиісті білім беру ұйымында осы лауазымды атқарған барлық бірінші басшылар ротациялауға жатады делінген. Яғни, атқарылған жұмысының тиімділігіне және нәтижесіне қарамастан жүзеге асырылады, - деп айтқан болатын депутаттар.
Мәжіліс депутаттары мемлекеттік мектеп директорларын ротациялауды жүргізу қағидаларын объективті өлшемшарттарын айқындайтын, оның ішінде, ата-аналардың, педагогикалық ұжымдардың және бірінші басшылардың пікірін ескере отырып, жаңа қағидалар әзірленгенге дейін дереу тоқтатуды сұраған еді. Сонымен қатар Конституцияның 6-бабында реттеуші органдар үшін мемлекеттік және жеке меншік нысандарының теңдігі қағидаты көзделгенін ескере отырып, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ғана ротациялаудың орынды екені туралы мәселені тұтастай қарастыруды талап етті.
Тиімді директорды тиімсіз директордың орнына апару жалғасады
Бұл депутаттық сауалға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді.
Министр атап өткендей, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары арасындағы бір елді мекен шегінде жүзеге асырылатын лауазымдық ауыстырулар.
Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысының бір білім беру ұйымында 7 жыл жалпы өтілі бар болған жағдайда ротациялауға жатады.
Білім беруді басқару органдарының кадр қызметі ротация жүргізу үшін ротацияға жататын бірінші басшылардың тізімін қалыптастырады. Одан кейін министрліктің бұйрығымен бекітілген бірінші басшының жұмыс тиімділігінің көрсеткіштері бойынша оннан астам жұмыс бағытын қамтитын есеп жасалады. Тиімділік көрсеткіштері бойынша мәліметтерді комиссия қарайды. Комиссияның мүшелері басшылардың құжаттарын субъективті бағаламайды, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады. Ротациялауға жататын бірінші басшы қойылған ұпайлардың дұрыстығын, негізділігін қайта тексере алады, - деп түсіндірді ол.
Бейсембаев атап өткендей, ротацияның мақсаты - бірінші басшының кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
Сондықтан тиімді менеджерлер ротацияланады, ал тиімсіз менеджерлер ротацияға жатпайды, себебі олардың қызметінің нәтижелері білім сапасын арттыруды қамтамасыз етпейді. Басшылардың осы санаты үшін нормативтік құжаттарда басқа шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, Еңбек кодексіне сәйкес үш жылда бір рет өткізілетін аттестаттау, басшылардың қызметінің нәтижесінде олардың мансаптық өсуін көздейді. Аттестаттау нәтижелері бойынша үздік директорлар біліктілік санаттарын және тиісінше – жалақысын көтереді, ал тиімді емес басшыларға Еңбек кодексіне сәйкес шешім қабылданады, - деп толықтырды сөзін еліміздің бас ұстазы.
Министрлік келтірген деректерге сәйкес, 2022 жылда 961 бірінші басшы ротацияланды және олар жаңа білім беру ұйымдарында жұмыс істеп жатыр.
Алматы қаласы бойынша 2022 жылы 8 бірінші басшы ротацияланды. Ротацияланған бірінші басшылардан шағымдар түскен жоқ.
Өз кезегінде министр ротация тоқтатылмайтынын жеткізді.
1) мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау білім беру сапасын арттыру үшін директорлардың кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. Осыған байланысты ротацияны тоқтату қарастырылмайды;
2) қағида бекітілгеннен кейін министрлік бұйрық нормаларын түсіндіру бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізді. Мәселен, түсіндіру жұмыстары:
- аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім бөлімдері, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары;
- мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары;
- жергілікті кәсіптік одақтарымен жүргізілді.