Тиімді депозитті қалай таңдау керек? – Сарапшылар кеңесі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 қарашада депозиттік ұйымдардағы резиденттердің депозиттер көлемі 44,7 трлн теңгені құрады. Ол дегеніміз теңгемен – 35,2 трлн теңге, шетел валютасымен – 9,5 трлн теңге. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың депозиттері 24,8 трлн теңгеге жетті. Депозитті таңдау және жинақтау кезінде қандай қауіп-қатерлерді ескеру маңызды екенін BAQ.KZ материалынан білуге болады.

Экономист Арман Байғановтың айтуынша, депозит таңдар кезде ең алдымен жеке қаржылық жағдайға сүйену маңызды. Адам нақты қанша қаражат жинай алатынын және бұл ақша қашан қажет болатынын түсінуі керек.

Оның сөзінше, егер мақсат ұзақ мерзімді болса, алдын ала екінші деңгейлі банктердегі шарттарды салыстырып, мерзімінен бұрын алу құқығы жоқ депозиттерге назар аудару қажет. Әдетте мұндай депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болады. Ал мерзімінен бұрын алу қарастырылған салымдар бойынша пайыз төмен болуы немесе шарттарының тиімділігі азырақ болуы мүмкін.

Ол Қазақстанда қазіргі кезде базалық мөлшерлеме тарихтағы ең жоғары деңгейде, яғни 18 пайыз екенін атап өтті.

Болашақта пайыздық (базалық) мөлшерлеменің төмендеуі қаупін ескере отырып, банктер қазір де тәуекелдерді жеңілдетеді. Олар қысқа мерзімге, яғни 3–6 айға, депозиттер бойынша ең жоғары пайыздарды ұсынады. Ал ұзақ мерзімде олар пайыздық мөлшерлемені төмендетуге тырысады. Өйткені келесі базалық мөлшерлеме 18 емес, мысалы 15–14 болуы мүмкін. Сол кезде несие бойынша пайыздар да төмендейді, депозиттер де 15-ке дейін қысқарады. Сондықтан көптеген банкте бір жылдан, екі жылдан ұзақ мерзімге салымдар бойынша бүгінде пайыз төмен. Міне, осыны ескеру қажет, – дейді экономист.

Оның айтуынша, қазіргі кезде базалық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты ең тиімдісі – 3–6 айға арналған қысқа мерзімді депозиттер.

Алайда салымшы болашақта базалық мөлшерлеме төмендей бастайды деп есептесе, тіпті пайыздық мөлшерлеме бірнеше пайыздық пунктке төмен болса да депозиттің шартын 2–3 жылға бекіте алады.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев те депозитті таңдағанда алдымен өз мақсаттарыңды анықтаудан бастау керек деп есептейді.

Егер сізде кепілдендірілген лимиттен көп қаражат болса, банктің рейтингіне назар аударуға болады. Бірақ жалпы қазір бізде гиперликвидтілік дағдарысы: банктерде өте көп ақша бар. Сондықтан алдағы бірнеше жылда көп банкте проблема болмайды деп ойлаймын. Егер әлі де қатты қорқатын болсаңыз – алғашқы ондыққа кіретін банктерді таңдаңыз: оларға, негізінен, ештеңе қауіп төндірмейді, – дейді сарапшы.

Ол сондай-ақ "қатаң" депозиттерге, яғни мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі жоқ салымдарға назар аударады. Әдетте мұндай депозиттер жоғары пайызбен ұсынылады. Өйткені банк алдын ала ақша толық мерзім бойы есепте қалатынын біледі және оны сенімді түрде пайдалануды жоспарлай алады.

Мерзімінен бұрын алмағанға көп пайыз қояды. Ал егер сіз мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі жоқ депозитке ақша салсаңыз да, кейін оны алып қойсаңыз – банк сізді "жазаға" тартады: пайыздар қайта есептеледі (әдетте минималды мөлшерлеме немесе "сұратылған кездегі" ставка бойынша), – дейді сарапшы.

Қаржы сарапшысы алдымен пайыздық мөлшерлемеге және банктің ыңғайлылығына назар аударуды ұсынады.

Мен пайыздық мөлшерлемеге және банктің сізге қаншалықты ыңғайлы екенін қарауды ұсынамын. Қасыңызда бөлімшесі бар ма, қосымшасын пайдалану ыңғайлы ма, қызмет көрсету сапасы қалай – осындай қарапайым нәрселер. Депозиттер бойынша барлық банк шамамен тең. Әсіресе егер сізде қаражат кепілдендірілген лимитке дейін болса: онда қай банкте екені маңызды емес, үйіңізге жақын және пайыз мөлшері жоғары банкті таңдай аласыз, – деп қорытындылады Чеботарев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы