Тігінші: Жеңілдетілген несие – үлкен мүмкіндік

Қазақстанда ата кәсіп пен қолөнер дәстүрін жалғап, жаңа заманға бейімдеп жүрген шебер жандар аз емес. Солардың бірі – Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Ұлытау ауылында тұратын Айзада Сансызбайқызы. Ол бүгінде "Ауыл аманаты" жобасы арқылы тігіншілік өнерін табыс көзіне айналдырып, өз ісін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер. BAQ.KZ тілшісі тігіншімен әңгімелесіп, кәсібі туралы сұрап көрді.

Айзада тігіншілікпен бала кезінен әуестенген. Ойыншық қуыршақтарына киім тігіп, үй ішіне ұсақ-түйек бұйымдар жасап беретін. Бірақ өмірдің жолы оны алдымен жоғары білім алуға жетеледі – экономика және техникалық бағытта қос диплом иесі атанды. Дегенмен, жүрек қалауына айналған тігін өнері оны бәрібір өзіне тартыпты. 2019 жылдың соңында декреттік демалысқа шыққан жас ана бос уақытын тиімді пайдаланып, хоббиін бизнеске айналдыруға батыл қадам жасаған.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Перде, дастархан, құрақ көрпе тігуді арнайы курстарда үйрендім. Әуелде тек таныстар мен көршілерге тігіп беретінмін. Уақыт өте келе сұраныс көбейіп, өзімнің тігін ательемді аштым, – дейді Айзада.

Мемлекеттік қолдаудың жемісі

Былтыр кәсіпкер "Ауыл аманаты" жобасы арқылы 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 7 млн 800 мың теңге несие алған. Бұл қаражат оған тігін бизнесін кеңейтуге мүмкіндік берді.Оған бес тігін машинасы мен түрлі маталар, жіптер сатып алған.

Қазір Айзада жалға алған шағын цехында тапсырыстарды қабылдап, жұмысын жүйелі жүргізіп отыр. Оның айтуынша, ауылда білікті тігінші табу – үлкен мәселе. Соған қарамастан, жалғыз өзі бес тігін машинасын басқарып, клиенттер сұранысын қанағаттандыруда. Бір көмекші тігіншіні де жұмыспен қамтып отыр.

"Ауыл аманаты" жобасы бойынша жеке кәсіпкер ретінде былтыр 2,5 %-бен несие алдым. Менің алған несиемнің сомасы – 7 жылға 7 млн 800 мың теңге. Бұл жобаның артықшылығы – жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге аз пайызбен несие ұсыну. Мемлекет тарапынан бұл үлкен көмек деп ойлаймын.Ауылда кәсіпке кірісудің өзіне тән кедергілері кездеседі. Бірақ бастысы – ниет. Кімде-кім тәуекел етіп, еңбек етсе, табысқа жетеді. Кәсіп бастаймын дегендерге айтарым – қорықпаңыздар. Жұмыс істесең, нәтиже міндетті түрде келеді, – дейді ол.

Қазақы нақыш пен қолжетімді баға

Айзаданың ательесінде дайындалатын бұйымдардың сапасы жоғары, бағасы да қолжетімді. Мәселен, бесік жасауы – 30-35 мың теңге аралығында. Сондай-ақ перде, дастархан, орындық қаптамалары, құрақ көрпелер, балаларға арналған ұлттық киімдер тігіледі. Аудан тұрғындары ғана емес, Жезқазған мен Қарағандыдан да тапсырыстар жиі түседі.

Алдағы уақытта цехын кеңейтіп, ұлттық нақыштағы киім тігу бағытын дамытуға ниетті.

Ісмердің еңбегі – қазына

Айзада Сансызбайқызы – өзінің сүйікті ісі арқылы ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікке бет бұруына шабыт беріп жүрген жан. Оның қолынан шыққан әр туындыда қазақы болмыс, ұлттық өрнек, нәзіктік пен еңбекқорлықтың үйлесімі бар.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Тігіншілік – тек табыс табу ғана емес, ол – шығармашылық. Әр бұйымды тіккен сайын қуаныш сыйлайсың. Адамдар риза болғанда, еңбегіңнің ақталғанын сезінесің, – дейді ісмер.

Тарихи Ұлытау өңірінен шыққан бұл жас шебердің еңбегі – ауылдағы шағын бизнестің дамуына, ұлттық өнердің жаңғыруына қосылған елеулі үлес. Айзада секілді іскер әйелдердің арқасында ауылдың әлеуеті артып, қолөнердің қадірі жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

Еске салайық, бұған дейін "Ауыл аманаты" жобасы бойынша ауыл стоматологиясына тың серпін беріп, кәсібін дөңгелетіп отырған тіс дәрігері туралы жаздық. 
Сондай-ақ аралдық жиһаз шебері жеңілдетілген несие алып, цехын дамытып жатқаны туралы айттық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы