Threads-тегі алаяқ: 23 жастағы астаналық әскерде зорлық көрдім деп ақша жинамақ болған
Жалған ақпарат тарату арқылы ақша жинамақ болған 23 жастағы азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Астана қаласында 23 жастағы азамат алаяқтық және жалған ақпарат тарату фактісі бойынша ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунт арқылы жарияланған жазбада автор әскерде жүргенде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын, қудалаудан қорқатынын мәлімдеген. Постта егжей-тегжейлі оқиға баяндалып, қаржылай көмек сұралып, шетелге кету үшін банк реквизиттері көрсетілген. Автор өзінің депрессияға түскенін және бұрынғыдай қарым-қатынасын жалғастыра алмайтынын жазған.
Алайда желі қолданушыларының бірінің қырағылығы арқасында посттың жалған екені анықталды. Тексеру кезінде реквизиттердің иесі – 17 жастағы жасөспірім екені және оқиғаның өзі шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Пост авторы әскерде ешқашан болмаған.
Жалған ақпарат тарату арқылы ақша жинамақ болған 23 жастағы азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көрінеу жалған ақпарат тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Заң бойынша, мұндай әрекет үшін бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Полиция азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырып, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға ескертеді.