The Telegraph: Бозжыра әлемдегі ең үздік 10 шөлдің қатарына енді
Басылым Маңғыстауды «геологиялық ғажайыптар қоймасы» деп сипаттайды.
Британдық беделді The Telegraph басылымы Қазақстандағы ең көрікті орындардың бірі – Бозжыра шатқалы орналасқан Маңғыстау өңірін «Әркім өмірінде бір рет болса да баруы керек 10 шөл» тізіміне қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Саяхат тақырыбында 25 жылдан астам уақыт жазып келе жатқан автор Сара Маршаллдың мақаласы 2026 жылғы 18 ақпанда жарияланған. Автордың айтуынша, бұл шөлдер саяхатшыларға тыныштық, жалғыздық және «қатал минималистік сұлулық» ұсынады. Сонымен қатар әр аймақтың өзіндік географиялық, климаттық және мәдени ерекшелігі бар.
Әлемнің үздік 10 шөлі тізіміне енген аймақтар:
- Сахара шөлі – әлемдегі ең үлкен ыстық шөл, 11 елдің аумағын қамтиды.
- Атакама шөлі (Чили) – «Марсқа ең ұқсас» ландшафтымен танымал.
- Намиб шөлі – әлемдегі ең көне шөлдердің бірі.
- Антарктида – жауын-шашын мөлшері аз, планетадағы ең үлкен шөл.
- Вади-Рам (Иордания) – қызыл құмды алқаптарымен әйгілі.
- Калахари шөлі – бай жануарлар дүниесімен ерекшеленеді.
- Гоби шөлі – динозавр қазбаларымен танымал.
- Колорадо үстірті – АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы каньондар мен үстірттер аймағы.
- Маңғыстау облысы (Қазақстан) – геологиялық ғажайыптар қоймасы.
- Руб-эль-Хали – Араб түбегіндегі ең ірі құмды шөлдердің бірі.
Басылым Маңғыстауды «геологиялық ғажайыптар қоймасы» деп сипаттайды. Үстірт жотасының аумағындағы Бозжыра шатқалы ақ борлы мұнараларымен, әктас жартастарымен және ғажайып каньондарымен ерекшеленеді. Табиғи пішіндер ежелгі мұхит түбінің ізіндей әсер қалдырады.
Аймаққа негізінен Ақтау қаласынан жол талғамайтын көлікпен жетуге болады. Мақалада Маңғыстаудың туристік инфрақұрылымы біртіндеп дамып келе жатқаны, жаңа көлік нысандары мен курорттық жобалар қолға алынғаны айтылады.
Автор өңірдің пайдалы қазбаларынан гөрі табиғи ландшафттарының құндылығы жоғары екенін ерекше атап өткен. Түрлі-түсті жолақты таулар, алып тас шарлар мен жерасты құрылымдары бұл аймақты ерекше геологиялық феноменге айналдырады.
Халықаралық беделді басылымның мұндай бағасы Қазақстан туризмінің имиджін нығайта түседі. Әлемдік саяхатшылар қауымдастығы арасында Маңғыстауға деген қызығушылық артып, Бозжыра шатқалы жаһандық туристік картадағы маңызды нүктеге айналып отыр.
Бұл рейтинг – Қазақстан табиғатының бірегейлігіне берілген халықаралық мойындаудың айқын көрінісі.