17 Қараша 2026, 09:30 Фото: pixabay.com

Tesla Германиядағы өндірісін кеңейтуге 3 млрд еуро бағыттайды

Америкалық Tesla компаниясы Германияның Бранденбург федералды жерінде орналасқан Грюнхайдедегі кәсіпорнын кеңейтуге 3 млрд еуро инвестиция салуды көздеп отыр. Бұл туралы Bild хабарлады.

Инвестицияларды Cybercab ұшқышсыз таксилерін шығаруға арналған жаңа өндірістік корпус, сондай-ақ қосалқы нысандар мен ағынды суларды тазартуға арналған қосымша станция салуға бағыттау жоспарлануда.

Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың бірінші жартысында бастап, өндірісті 2029 жылы іске қосу көзделген. 2026 жылдың соңына дейін компания құрылысқа рұқсат алуға өтінім бермек. Жоба сонау 2023 жылы ұсынылған кәсіпорынды дамытудың анағұрлым ауқымды жоспарына негізделген.

Кеңейту жұмыстарынан кейін зауыт 1 млн-ға дейін роботакси шығара алады. Бұдан бөлек, Tesla қолданыстағы модельдер өндірісін аптасына 7,5 мың автокөлікке дейін арттырып, аккумулятор элементтерін шығаруды кеңейтуді жоспарлап отыр.

Компания өкілдері жобаны іске асыру Tesla-ның ең озық технологиялық зауытына айналатын кәсіпорынның негізін қалайтынын мәлімдеді.

Бранденбург билігі америкалық өндірушінің жоспарларына оң баға берді. Федералды жердің премьер-министрі Дитмар Войдке бұл инвестицияларды Германия өнеркәсібі мен өңір экономикасы үшін маңызды белгі деп атады.