Tesla акционерлері Илон Масктың 1 трлн доллар көлеміндегі төлем пакетін мақұлдады

Tesla компаниясының акционерлері компания басшысы Илон Масктың шамамен 1 триллион доллар тұратын төлем пакетін мақұлдады. Бұл шешім жыл сайынғы жалпы жиналыста 75% дауыс жинап, қатысушылардың зор қолдауына ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Мәміле шарттарына сәйкес Маск тұрақты жалақы алмайды. Оның орнына ол компанияның нарықтық құнын және негізгі көрсеткіштерін арттыру арқылы 400 миллионнан астам қосымша акцияға ие бола алады.

Масктың алдағы 10 жылдағы мақсаттары:

  • 20 миллион Tesla көлігін және 1 миллион роботты жеткізу;
  • толық автономды жүргізу жүйесіне (FSD) 10 миллион жазылымға қол жеткізу;
  • миллиондаған robotaxi автопаркін іске қосу;
  • негізгі пайданың 400 миллиард долларға дейін өсуі;
  • компанияның жалпы нарықтық құнын 1,4 трлн доллардан 8,5 трлн долларға дейін арттыру.

Компания Директорлар кеңесі келісім бекітілмесе, Маск Tesla-дан кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Маск Остин қаласында өткен шарада сахнаға шығып, акционерлермен бірге билеп, “Tesla тарихының жаңа тарауы емес, жаңа кітабы басталды” деп мәлімдеді.

Көптеген сарапшылар төлем мөлшерін сынға алғанымен, Wedbush Securities компаниясының талдаушысы Дэн Айвс Маскты “Tesla-ның ең үлкен активі” деп атады. Ал RBC Brewin Dolphin өкілі Кэтрин Ханнон бұл шешім “Масктың ықпалын күшейтіп, компанияны жаңа жетістіктерге жетелейді” деп баға берді.

Маск өз сөзінде Optimus атты адамтәрізді робот жобасына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба Tesla-ның келешектегі негізгі бағытына айналмақ. Компания 2022 жылы таныстырған бұл роботтар зауыттарда қауіпті немесе бірсарынды жұмыстарды орындауға арналған.

Tesla акциялары соңғы алты айда 62%-ға қымбаттады, дегенмен сарапшылар Масктың саяси көзқарастары мен “поляризациялық имиджі” компания беделіне әсер етуі мүмкін деп санайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Global Look Press/Chip Somodevilla/Keystone Press Agency
Өзгелердің жаңалығы