Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу кодексіне 80 ел қосылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан бастамасымен қабылданған Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу кодексіне 80 ел қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жуырда бұл құжатқа Кариб теңізіндегі Сент-Винсент пен Гренадин мемлекетінің өкілдері қол қойған. Осылайша лаңкестікке қарсы жаһандық коалиция қатары кеңейіп келеді. Қазақстандық кодекстің ерекшелігі, ол түсінікті 10 қағидаттан тұрады. Оның ішінде лаңкестік әрекеттер жасау үшін өз аумағын қолдануға бермеу, осы зұлымдыққа қарсы жүйелі мемлекеттік әрі қоғамдық саясат қалыптастыру баптарын атауға болады.
«Бұл – БҰҰ-ға мүше бүкіл елдер үшін маңызды мәселе. Қазір терроризм бәрімізге қауіп төндіріп тұр және ертеңгі күнімізге де көлеңкесін түсіріп, алаңдауымызға негіз болып отыр. Жаһандық деңгейдегі мұндай қатерге бүкіл әлем бірігіп төтеп бере алады деген ұстаным бар. Ешбір мемлекет жеке дара терроризммен күресе алмайды. Сондықтан да қазақстандық бастаманың маңызы зор дер едім», – дейді БҰҰ жанындағы Египеттің тұрақты өкілі, Мохамед Идрис.