«Террорист» атанған Павел Дуровтың жаңа жазбасы желіні дүр сілкіндірді
Telegram негізін қалаушы Ресей билігіне өткір жауап беріп, даулы коллаж жариялады. Оның жазбасы жұртты неге шулатты?
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Росфинмониторингтің өзін террористер мен экстремистер тізіміне енгізу туралы шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол бұл туралы өзінің Telegram-арнасында жазба жариялады.
Ресей мені Telegram-да жаппай бақылау мен цензура енгізу талабын орындамағаным үшін «террорист» деп таныды. Ресей заңнамасына сәйкес, енді маған «интернетте ақпарат таратуға» тыйым салынады. Ресей шенеуніктері интернетті кімнің кімге пайдалануға тыйым сала алатынын шатастырып алған сияқты, – деп жазды Дуров.
Осы жазбадан үш минут өткен соң кәсіпкер ағылшын тілінде «Don’t get confused» («Шатастырмаңыздар») деген жазуы бар коллаж жариялады. Оның сол жағында «Terrorist» («Террорист») деген жазумен өзінің фотосы, ал оң жағында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының өкілдерімен қол алысып тұрған суреті және «Respected partners» («Құрметті серіктестер») деген жазу орналастырылған.
Дуровтың алғашқы жазбасы 1,7 миллион қаралым жинаса, коллажы 1,6 миллион рет қаралған.
Еске салайық, 30 шілдеде Росфинмониторинг Павел Дуровты террористер мен экстремистер тізіміне 6895-нөмірмен енгізді. Ал бір күн бұрын Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) Қоғаммен байланыс орталығы кәсіпкерге РФ Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі (террористік қызметке жәрдемдесу) бойынша айып тағылғанын және оның халықаралық іздеуге жарияланғанын мәлімдеген еді.