«Территория комфорта – 2» тұрғын үйіне ресми мекенжай берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, елордада қауіпті тұрғын үй кешендерін жөндеу бойынша жұмыстар жүргізіледі. 


Бұл құлап жатқан плиталар, жанғыш төсемдер, апатты жағдайдағы жеделсатылары бар үйлер. Мысалы «Территория комфорта – 2» көппәтерлі тұрғын үй кешені бәріне белгілі. Тұрғындар кездесулер барысында үйде тұрудан үрейленетінін айтқан. Олар желді күні балаларын далаға шығаруға қорқады екен. Бұған себеп - үйді қаптап тұрған плиталардың жиі құлауы. Бұл көппәтерлі тұрғын үй кешенінде ауқымды жұмыстар жүргізілді: қасбеті толық ауыстырылды, керамогранит плиталар алынып тасталды, жылытқыштар, қабатаралық, өрт жағдайына арналған есіктер және тағы басқалары ауыстырылды. Бұрын үй пайдалануға берілмеген еді, ТК-ның мекенжайы болмады. Тұрғындар пәтерлерінде тіркеле алмады, яғни өздері тұратын ауданның әлеуметтік нысандарының қызметтерін пайдалана алмады, - деп жазды әкім.

Көлгінов енді бұл мәселелер шешілгенін айтты. 


Бүкіл құжаттаманы дайындап, ТК-ны пайдалануға бердік. Енді үйдің өз ресми мекенжайы бар. Мамандар пәтер иелеріне техникалық паспорт беру үшін пәтерлер аумақтарын өлшеуге кірісті. Көктемде балалар алаңын да жаңартамыз. Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бағдарламасы бойынша жөнделген ТК-ның жалпы саны 50-ден асады. Бұған қоса 100-ге жуық жеделсатыны жөндеп, ауыстырамыз. Сондай-ақ апатты жағдайдағы ескі үйлерді сүру бойынша жұмыс жүргізіледі. Өткен жылы 200-ге жуық отбасыны жаңа баспанаға көшірсек, биыл 200-ден астам жанұяны көшіруді жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы