Терминге қатысты түйінді семинар

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасының жылдық қорытынды семинарын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отандық терминология саласына қатысты биылғы жылдың түйінді іс-шарасын Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Абзалбек кіріспе сөз сөйлеп ашты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Ал мұның басты алғышарты – терминдер. Ашық ақпараттық кеңістіктің әсерімен өмірімізге дендеп еніп жатқан шеттілдік салалық терминдер лингвистикалық сараптамадан өткізіліп, Мемлекеттік терминология комиссиясында бекітілуде. Әйтсе де жетілдіру мен біріздендіру тұрғысында қордаланып қалған біраз мәселе бары даусыз. Кей терминдердің түрлі баламада қолданылуы, яғни теледидар, газет-журналдарда, оқулықтар мен әдебиеттерде түрлі нұсқаларының қатар жүруі, бекітілген терминдерді жұртшылықтың қабылдай алмауы, бекітілген терминдердің ішінде сәтсіз баламалардың болуы қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға кедергі келтіруде. Басқосу барысында осы жобаның алғашқы қорытындысы жан-жақты сараланып талданбақшы,– деді ол.

Бұдан кейін есімі елге танымал ғалымдар қызу талқылауға көшті. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Жамалбекқызы Айдарбек «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу жұмысының нәтижелері» туралы сөз етсе, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Сейсенбекұлы Жонкешов «Мониторинг жүргізу барысындағы қиындықтар» жөнінде әңгімелеп, ғалымдардың назарын осы мәселеге аударды. 

Бұдан кейін жобаның тәуелсіз сарапшылары «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жобасының мәселелері» хақында кеңінен айтып берді.

 Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сабира Сағынбекқызы Исакова «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу бойынша ұсыныстар» жайы терең қозғады. Сондай-ақ «KazDevLab» ЖШС бағдарламашысы Перизат Абдураимова «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу бағдарламасының сапалық көрсеткіштері» төңірегінде ой өрбітті.

Терминжасам – тіл біліміндегі өте күрделі процесс. Қорытынды ғылыми басқосу барысында салалық терминологияға қатысты келелі ой-пікір аз айтылмай қалған жоқ. Әсіресе, терминологияны реттеу және терминологиялық жүйелерді, құрылымдарды жетілдіру, сондай-ақ терминологиялық бірліктердің қарым-қатынаста қолданылуын қадағалау жөнінде көптеген нақты ұсыныс ортаға тасталды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба аясында биыл 1971-1981 жылдары бекітілген терминдерден бастап, 2014 жылы бекітілген қоғамдық ғылымдар термині алыныпты. Енді 2015 жылдан бастап бүгінгі таңға дейінгі бекітілген терминдерді сүзгіден өткізу мәселесі күн тәртібінде тұрған көрінеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы