Теріскейде 94 адамды кене шақты
Сәуір айының басынан бері теріскейде кене шаққан 94 адам дәрігерлер көмегіне жүгінді. Медициналық жәрдем алғандардың 36-сы 14 жасқа дейінгі бала, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі.
Күннің жылынуына орай, өңірде зиянды жәндіктердің белсенділік кезеңі басталғаны байқалады.
Теріскейде жыл сайын сәуір-қазан айларында кене шағу деректері жиілейді. Мамандар зиянды жәндіктерден қорғанудың бірнеше жолын айтып өтті.
Кене шағуынан қорғану үшін – ұзын жең, ұзын балақ киімдер кию қажет. Аталған жәндіктер жер бетінен 1,5 метр биіктіктер артық көтеріле алмайды. Әдетте кенелер адамның аяғына жабысып, биікке қарай өрлей береді. Адамның қанын сору үшін өзіне ыңғайлы жер іздейді. Сондықтан табиғат аясында болсаңыз, үйге келгенде барлық киімдеріңізді қағып-сілкіп, тексеруге кеңес беремін. Түрлі паразит жәндіктерге қарсы крем, гель, аэрозольдарды пайдалануға болады, - дейді Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Серік Аусатов.
Биыл облыста мемлекеттік тапсырыс аясында 600 гектарға жуық аймақ дезинсекцияланбақ. Петропавл қаласы, Қызылжар ауданының орталығы Бескөл және Пеньково ауылдары қамтылады.
Кене шағып тұрғанын аңғарсаңыз – оны бірден жұлып алып тастауға болмайды. Басы қалып қоюы мүмкін. Ондай жағдай адам ағзансында түрлі реакция тудыруы ықтимал. Шағып тұрған жерді этил спирті немесе одеколонмен өңдеген жөн. Кенені пинцетпен немесе жіппен тартып алып, құтыға салу шарт. Жәндікті 2 тәуліктен асырмай сапартамаға жіберу керек. Жараны йодпен немесе спиртпен өңдеген дұрыс болады. Кене түрлі жұқпалы ауруларды тудыруы мүмкін. Кене энцефалиті – ең қауіптісі саналады. Ол орталық жүйке жүйесін зақымдап, адам өліміне дейін алып келуі мүмкін. Аталған аурудан қорғанатын жол - вакцина. Дегенмен, халыққа жаппай екпе салудың да қажеті жоқ. Вакцинамен кене таралу мүмкіндігі жоғары аймақтарда тұратын азаматтар ғана қамтылады. Біздің өңірде Айыртау ауданы ғана кене энцефалиті бойынша энмемиялық аймақ саналады, - дейді Серік Аусатов.