Тергеу барысында қысым көрсету бойынша 105 қылмыстық іс қозғалды – Қилымжанов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов «қасіретті қаңтар» оқиғасы бойынша ресми мәлімдеме жасады.
Атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыстамыз. Сондай-ақ тергеудегі заңсыз әрекеттер туралы шағымдарды ерекше бақылауға алып, тексеріс жүргізіп жатырмыз, - деді Қилымжанов.
Оның мәліметінше, бүгінгі таңда Прокуратураға 148 арыз түскен. Олардың негізінде лауазымдық өкілетті асыра пайдалану, тергеу барысында қысым көрсету фактілері бойынша 105 қылмыстық іс қозғалды.
Атап айтқанда, Атыраудағы «Динамо» стадионында болған жағдайлар, Талдықорған қаласының тұрғыны Батырбаевқа заңсыз күш қолдану дерегі және басқа да фактілер бар. Осындай оқиғалардың жан-жақты толық тексерілуін қамтамасыз ету үшін олар бойынша тергеу жүргізу жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне және арнайы прокурорларға тапсырылды, - деп атап өтті прокурор.
Қилымжанов прокурорлар шағымдар мен арыздар, сондай-ақ интернет арқылы таратылған барлық ақпаратты тексеріп жатқанын ескертті.