Терең ой жоғалып бара ма? Жастар, кітап және тәжірибе туралы әңгіме
ПАодкаст барысында оқу мен жұмысты қатар алып жүрудің психологиялық салдары да сөз болды.
Қазақстанда студенттердің оқумен қатар жұмыс істеуі қалыпты құбылысқа айналды. Бұл – саналы таңдау ма, әлде әлеуметтік қажеттілік пе? BAQ.KZ подкастында философия ғылымдарының докторы, Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері Мөлдір Баймаханбетова жастардың білімге, еңбекке және ойлау мәдениетіне қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді.
Подкаст барысында бүгінгі студенттің жағдайы жан-жақты талқыланды. Сарапшының айтуынша, жастардың жұмыс істеуі көбіне қаржылық қажеттіліктен туындайды. Дегенмен бұл үрдіс белгілі бір деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар оқу мен жұмысты қатар алып жүрудің психологиялық салдары да сөз болды. Үнемі жүктеме астында жүрген студент өзін жоғалтып, білім сапасына зиян келтіруі мүмкін.
Әңгіме барысында “тәжірибе маңызды” деген түсініктің күшеюі де талданды. Қонақтың пікірінше, тәжірибе қажет болғанымен, іргелі білімнің орнын толық баса алмайды.
Подкастта жастардың кітап оқуға деген қызығушылығының төмендеуі мәселесі де көтерілді. Терең оқу дағдысының әлсіреуі кәсіби және тұлғалық дамуға әсер ететіні айтылды. Әсіресе сирек кітаптар мен ғылыми еңбектердің маңызы ерекше екені атап өтілді.
Сондай-ақ эпистолярлық мәдениетке де назар аударылды. Бұрын ғалымдар хат арқылы пікір алмасып, интеллектуал орта қалыптастырса, бүгінде бұл дәстүрдің әлсірегені байқалады. Сарапшы қазіргі мессенджерлер жылдам байланыс берсе де, ойдың тереңдігін азайтуы мүмкін екенін жеткізді.
Философияның қазіргі қоғамдағы рөлі де талқыланды. Қонақтың айтуынша, философия тек теория емес, ол адамның өмірлік шешімдеріне әсер ететін құрал. Алайда университеттерде бұл пән көбіне формалды түрде оқытылып жатыр деген пікір айтылды.