Терапевт: Бұл үгіттеу емес. Вакцинаны салдыру немесе салдырмау сіздің жеке таңдауыңыз
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық терапевт-дәрігер Анжела Ашихмина коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын хабарлады.
Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.
Міне мен де COVID-19-ға қарсы вакцина алдым. Ол «Спутник-V» (Gam-COVID-Vac). Мен дәрігер болғандықтан, коронавирус жұқтыру қаупі күн сайын артады. Емхана бізді және пациенттерді қорғауға тырысып жатыр. Біз COVID-19-ға шалдыққандарға онлайн консультациялар ұсынамыз. Алайда балаларды жеке қабылдауымызға шақырамыз. Балалардың басым бөлігі ЖРВИ белгілерімен келеді. Ал балаларда коронавирус қарапайым ЖРВИ тәрізді білінуі мүмкін. Өздеріңізге белгілі, індеттің ең жұқпалы кезі коронавирус белгілер басталмас бұрын 1-2 тәулікке келеді. Бүгін сіз бас ауруымен келсеңіз, ертең COVID-19-бен ауырып, жатып қалуыңыз мүмкін, - деді ол.
Ол егде жастағы пациенттері үшін қорқатынын жеткізді.
Бұны не үшін айтып отырмын? Мен созылмалы аурулары жоқ жас келіншек болғандықтан, мен коронавирусқа шалдықсам да, одан жеңіл жазылып кетуім ықтимал. Мен коронавирустан қорықпаймын. Алайда менің егде жастағы, созылмалы аурулары бар пациенттерім, менің анам дәл осы індеттен оп-оңай жазылып шыға ала ма? Мен солар үшін қорқамын. Себебі мен кез келген күні ауырып қалып, осы жұқпалы вирустың ошағына айналуым мүмкін, - деді терапевт.
Ашихминаның айтуынша, вакцинация - бұл жауапкершілік.
Ең алдымен сіздің жеке жауапкершілігіңіз. Сіздің жеке құқықтарыңыз бен таңдауыңыз бар. Вакцинаны салдыру немесе салдырмау сіздің таңдауыңыз. Бұл үгіттеу емес. Менің айтып жатқаным, менің таңдауым және менің жауапкершілігім. Қаншалықты көп адам вакцина салдырса, соғұрлым ертерек ұжымдық иммунитет пайда болады. Соның арқасында вирустың таралуы да бәсеңдейді. Вирустың қарқыны тоқтаған кезде, біз де ертерек әдеттегі өмір салтымызға ораламыз. Сіз театр, кино, концерт, мейрамхана, достармен және туыстармен өткізген отырыстарды, шектеусіз саяхаттауды сағынасыз ба? Мен сағынамын..., - деп қорытты ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Автобустарда дезинфекциялық жұмыстар қалай жасалады?
Өзгелердің жаңалығы