30 Қазан 2026, 16:19

Теориядан тәжірибеге: Алматыда шағын модульді реактор тренажеры орнатылған оқу сыныбы ашылды

Ядролық физика институтында Орталық Азиядағы шағын модульді реактордың (ШМР) симуляторымен жабдықталған алғашқы оқу бөлмесінің ашылу салтанаты өтті. Жоба мамандарды тәжірибелік тұрғыдан даярлау жүйесін дамытуға және Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Оқу бөлмесінің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың атқарушы директоры Карина Ангелиева, АҚШ Мемлекеттік хатшысының қауіпсіздік саласындағы көмек бағдарламалары жөніндегі көмекшісінің орынбасары Шона Дж. Уилсон және АҚШ-ның Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфман символдық лентаны қиды.

Жоба Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (ХҒТО), Holtec International компаниясының, Curtiss-Wright құрамына кіретін WSC Inc. компаниясының және қазақстандық серіктестердің қолдауымен АҚШ Мемлекеттік департаментінің FIRST (Foundational Infrastructure for Responsible Use of Small Modular Reactor Technology) бағдарламасы аясында іске асырылды.

Оқу кешені Holtec International компаниясының SMR-300 реакторының бағдарламалық моделі негізінде құрылды. Симулятор бейінді мамандықтар студенттеріне, инженерлерге, зерттеушілерге және басқа да мамандарға шағын модульді реакторлар мен олардың жүйелері негізіндегі АЭС пайдалану қағидаттарын зерделеуге, сондай-ақ бағдарламалық модельде қарастырылған басқару рәсімдерін тәжірибе жүзінде пысықтауға мүмкіндік береді.

Аталмыш кешеннің Ядролық физика институтында орналасуы атом саласының нақты талаптарына сай бейінді білім беру бағдарламаларын дамытуға, тәжірибелік сабақтар, арнайы курстар өткізуге және мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын жүргізуге қосымша мүмкіндіктер береді.

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов жобаның жүзеге асырылу қарқыны жоғары екенін атап өтіп, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындады.

Қазақстан FIRST бағдарламасына 2022 жылдан бері қатысып келеді және оның Орталық Азиядағы ең алғашқы серіктесі болып табылады. Кадрлар даярлау – қосалқы міндет емес, атом саясатының өзекті элементтерінің бірі. Алдымызда әзірлеушілермен бірлесіп оқыту бағдарламаларын бекіту, түрлі сценарийлер мен жаттығуларды дайындау, тәжірибелік сабақтардың ретін анықтау міндеті тұр. Осы бағытта кәсіби стандарттарға және қауіпсіздік талаптарының сөзсіз басымдығына сүйене отырып, жүйелі түрде алға жылжу қажет екеніне сенімдімін. Зерттеу реакторлары, үдеткіш кешендері, Қазақстандық материалтану токамагы және радиохимиялық зертханалар қатарын толықтырған бұл симулятор отандық ғылыми-технологиялық базаның тағы бір маңызды элементіне айналып, мамандарды тәжірибелік даярлау және ядролық технологиялар саласындағы құзыреттерді дамыту мүмкіндіктерін кеңейтеді.Халықаралық ынтымақтастықты еліміз үшін ұзақ мерзімді нәтижеге айналдыруға мүмкіндік беретін – дәл осы білім мен адам капиталына салынған инвестиция, – деп атап өтті Әсет Махамбетов.

Атом саласын дамыту – бұл энергетикалық қауіпсіздік мәселесі ғана емес, сонымен қатар еліміздің технологиялық тұрғыдан қарқынды дамуына серпін беретін маңызды қадам. Атом энергетикасы жоғары білікті мамандарға, заманауи инженерлік шешімдерге, жаңа буын материалдары мен озық өндірістік технологияларға сұранысты қалыптастырады. Оның дамуы машина жасау, электроника, материалтану мен ғылыми зерттеулер сияқты сабақтас салалардың да өсуіне ықпал етеді.

Сондықтан бүгінгі таңда атом энергетикасына қажетті инфрақұрылымды қалыптастырумен қатар, жоғары технологиялық жүйелермен жұмыс істей алатын және болашақ өнеркәсібіне арналған шешімдер әзірлейтін кадрларды жүйелі түрде даярлау маңызды. Симулятор-оқу бөлмесінің ашылуы – білім беру, ғылым және атом саласының нақты технологиялық міндеттері арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін нақты қадамдардың бірі болып табылады, – деп түйіндеді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.

Ядролық физика институты ядролық зерттеулер жүргізу, ССР-Қ зерттеу реакторын пайдалану және медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотоптарды өндіру саласында мол әрі көпжылдық тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар  Институт базасында радиациялық қауіпсіздік, бүлдірмейтін бақылау және сынау әдістері, сондай-ақ ядролық физикалық қауіпсіздік бағыттары бойынша үш оқу орталығы жұмыс істейді. Бүгінгі күнге дейін бұл орталықтарда атом саласы үшін 5 мыңнан астам маман даярланды.

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің айтуынша, Институтта ШМР симуляторының орналастырылуы ұйымның ғылыми-техникалық әлеуетін атом саласының мамандарын даярлауда қолдану үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ядролық физика институтының басты ерекшелігі – бір алаңда ғылыми зерттеулердің жүргізілуі, ССР-Қ зерттеу реакторының пайдаланылуы және медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотоптарды өндірудің үйлесім табуы. Мұндай мүмкіндік тыңдаушыларға ядролық технологиялармен жұмыс істеудің нақты тәжірибесін меңгеруге жол ашады. Бұл салада қатаң дәлдік, үлкен жауапкершілік және күнделікті қауіпсіздік мәдениеті жұмыстың маңызды ажырамас бөлігі болып табылады. SMR-300 симуляторы орналасқан жаңа оқу бөлмесі қолданыстағы ортаны толықтыра түседі: тыңдаушылар реактор жүйелерінің жұмысын зерттеп, бағдарламалық модельде қарастырылған басқару рәсімдерін тәжірибеде пысықтай алады. Ал Институт мамандары зерттеу қондырғыларын пайдаланудағы жеке тәжірибелеріне сүйене отырып, физикалық процестерді жан-жақты түсіндіріп береді, – деді Саябек Сахиев.

Оқу инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – 2026 жылы пайдалануға берілген Институттың жаңа жатақханасы. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері ғылыми-зерттеу институттары үшін салынған алғашқы жатақхана. Басқа қалалар мен өңірлерден келетін қатысушыларды орналастыру мүмкіндігі ұзақ мерзімді оқу курстары мен тағылымдамалардан өтуге, оның ішінде жаңа симулятор-бөлмесі базасында білім алуды ұйымдастыруға, сондай-ақ Қазақстанның өзге өңірлері мен шет мемлекеттерден келген мамандарды қабылдауға қолайлы жағдай жасайды.

Біз бұл алаңды Қазақстан студенттері, оқытушылары, инженерлері мен зерттеушілерінің, ал болашақта Орталық Азия елдері мамандарының өзара тәжірибе алмасып, бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін орта ретінде қарастырамыз. FIRST бағдарламасы аясында жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, үлес қосқан халықаралық және қазақстандық серіктестерімізге алғысымызды білдіреміз, – деді Саябек Сахиев

ХҒТО атқарушы директоры Карина Ангелиева ХҒТО штаб-пәтері орналасқан Қазақстан ұзақ жылдар бойы ғылымды бейбітшілік пен даму жолында қызмет ету міндетінде маңызды орын алатынын айтты.

ХҒТО штаб-пәтері орналасқан Қазақстан ұзақ жылдар бойы ғылымды бейбітшілік пен даму жолында қызмет ету міндетімізде маңызды орын алып келеді. Жобаны іске асырушы серіктес ретінде ХҒТО барлық қатысушылардың бірлескен еңбегі мен FIRST бағдарламасы аясында АҚШ үкіметінің қолдауының арқасында сәтті аяқталған бұл бастаманың нәтижесіне қуаныштымыз. Ядролық физика институтында ашылған жаңа симулятор-оқу бөлмесі Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің болашақ мамандарын даярлауға, білім мен тәжірибе алмасуға арналған маңызды өңірлік орталыққа айналады, – деп атап өтті ХҒТО атқарушы директоры Карина Ангелиева.

Алматы қаласында оқу бөлмесінің ашылуы шағын модульді реакторлар технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен қолдану үшін кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған халықаралық бастамалардың бір тармағына айналды. FIRST бағдарламасының қолдауымен ШМР симуляторлары бар ұқсас оқу орталықтары 2023 жылдың мамырында Румынияда және 2025 жылдың қаңтарында Ганада ашылған болатын.

Бұл симулятор – ең алдымен, адам капиталына салынған инвестиция. Сонымен қатар ядролық энергетиканы дамыту бағдарламасын іске асыру үшін технологияны жетік білетін білікті операторлар, инженерлер, реттеуші органдар мамандары, сондай-ақ қауіпсіздік саласының мамандары қажет. Америка Құрама Штаттары Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы болашағын дамытуға қолдау көрсетіп отырғанын мақтан тұтады, – деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшының көмекшісінің орынбасары Уилсон.

Алматыдағы жаңа оқу бөлмесі білікті мамандарды тәжірибелік тұрғыдан даярлауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Орталық Азия елдері арасында тәжірибе алмасуға арналған алаңға айналады. Бұл өз кезегінде атом саласын жауапкершілікпен дамыту үшін қажетті кадрлық негізін қалыптастыруға өз үлесін қосады.