Теңсіздік орын алып отыр. Депутат мектептердегі жан басына қаржыландыру мәселесін көтерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат отырысында депутат Нұрлан Бекназаров орта білім мекемелеріндегі жан басына қаржыландыру жүйесіне қатысты сауалын Премьер-министр Асқар Маминге жолдады.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі күні еліміздің көпшілік аймағында мектеп орындарының жетіспеушілік мәселелері жан басына қаржыландыру жүйесі мемлекеттік білім мекемелерімен бірге жекеменшік мектептердің қызметімен де шешіліп жатқаны белгілі. Бұл шара өзінің оң нәтижесін беріп жатыр.
Ол өңірлерге іссапар барысында жергілікті қоғам белсенділерімен, мәслихат депутаттарымен кездесулерде өзекті мәселелерге қатысты бірқатар сауал туындағанын айтты.
БҒМ мәліметіне сәйкес елімізде 257 жекеменшік мектеп бар. Ал бұл мектепте білім алушылар саны 64 мыңға жуық. Соңғы кезде Шымкент қаласының өзінде 34 жекеменшік мектеп ашылып, оның 25-і жан басына қаржыландыру арқылы 14 мыңға жуық оқушыға ақысыз білім беріп жатыр. Бұл мектептерде 7 мыңға жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары білім алуда. Қазіргі уақытта мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты шеңберінде жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары мен жекеменшік мектептерде білім алатын әлеуметтік көмекке мұқтаж санатындағы оқушыларды оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, киім және бір реттік тамақтануды қамтамасыз етуде теңсіздік орын алып отыр, - деп айтты Нұрлан Бекназаров.
Үкіметтің 2018 жылғы Қаулысының талаптарына сәйкес аймақтардағы білім басқармалары әлеуметтік көмектермен тек мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің жоғарыда аталған санаттағы оқушыларын ғана қамтамасыз етеді.
Алайда мемтапсырысты алып отырған жекеменшік мектептерде оқитын жері бойынша әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушылар санатына кепілдендірілген әлеуметтік пакеттен тыс тиесілі көмектермен қамтамасыз етуді іске асырудың заңдылықтары қарастырылмаған. Оқушылардың әлеуметтік көмек көрсетілуі қажет санаттарын қаржыландыру үшін нормативтік-құқықтық актілерді сәйкестендіру қажеттілігі туындап отыр, - деп атап өтті Сенат депутаты.
Сенатордың сөзінше, бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жекеменшік білім беру ұйымдарында оқитын әлеуметтік көмек алуы тиіс балаларды қаржыландыру тетіктерін реттеу арқылы мемлекеттік мектептердің жүктемесін ішінара азайтуға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау мүмкіндігі болады.