Теннистен Билли Джин Кинг кубогының іріктеуі басталады
Бүгін теннистен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты Билли Джин Кинг кубогының іріктеуі басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алғаш болып жарысты Путинцева мен Линетт бастайды. Қазақстан алғашқы матчын Польша құрамасына қарсы өткізеді. Осыған байланысты қазір қос елдің мықтылары елордаға жиналып, жарыс алдындағы дайындықты пысықтады. Ал күні кеше жеребе тарту рәсімі ұйымдастырылып, кордқа шығатын теннисшілер жұбы анықталды.
Жарыстың алғашқы күні жекелей сындар өтеді және ең бірінші боп қазақстандық Юлия Путинцева мен Магда Линетт өзара мықтыны анықтайды. Артынша, Елена Рыбакина мен Вероника Фальковска кездеседі. Екінші күні Юлия Вероника Фальковскамен, Елена Магда Линеттпен ойнайды.
Ал жұптық сында ел намысын Анна Данилина мен Гозаль Айнитдинова қорғайды. Оларға қарсы Алисия Росольска мен тағы да Вероника Фальковска шығады. Жеңіске жеткен команда тікелей Билли Джин Кинг кубогының финалына жолдама алады.
Айта кетейік, қазақстандық қыздар былтыр әлем чемпионатының ақтық кезеңіне шыққан еді. Биылғы мақсаттары да дәл солай.