Бүгiн 2026, 16:01 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Теңіздегі газ кешені тоқтады ма? Министр нақты жауап берді

Теңіздегі газ кешенінің құрылысы тоқтады деген ақпарат тарады. Алайда министр бұл мәліметті жоққа шығарды. Нақты жағдай қандай? Жоба қай кезеңде тұр?

Теңіз кен орнындағы газ-сепарация кешенінің құрылысы тоқтатылды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов BAQ.KZ-тің YouTube арнасындағы Trend Talk подкастында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, нысандағы жұмыстар бұрын тараған жобаны тоқтату туралы хабарларға қарамастан жалғасып жатыр.

Шын мәнінде жағдай кейбір дереккөздер көрсеткендей емес. Мен олардың объективтілігіне күмән келтіремін. Жұмыстар жүріп жатыр, әрі айтарлықтай деңгейде: іргетастар құйылған, қазіргі уақытта темірбетон және металл конструкцияларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ұзақ мерзімде жеткізілетін жабдықтарға тапсырыс берілген, жобаға қомақты қаражат салынған. Сондықтан құрылыс тоқтады деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды, - деді министр.

Ақкенженовтің сөзінше, жоба белсенді іске асыру кезеңінде тұр және оны іске қосу 2029 жылға жоспарланған.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, газ-сепарация кешенінің құрылысы «майлы» (құрамында ауыр көмірсутектер көп) тенгиз газын өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде саланың дамуына мультипликативті әсер етеді.

Айта кетейік, Газ-сепарация кешені интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысының екінші кезеңі аясында жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – Теңіз кен орнындағы құрғақ газдан этанды бөліп алу арқылы полиэтилен өндіру жобасын шикізатпен қамтамасыз ету.

Жобаны «KMG PetroChem» ЖШС жүзеге асыруда – бұл «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның 100% еншілес ұйымы. Кешен Атырау облысындағы «Теңізшевройл» аумағында салынып жатыр. Құрылыс мерзімі 2025-2029 жылдарға жоспарланған.

Кешеннің өңдеу қуаты жылына 9,1 млрд текше метрге дейін құрғақ газды құрайды. Жыл сайын 1,6 млн тоннаға дейін этан және 360 мың тоннаға дейін пропан өндіріледі деп күтілуде. Технологиялардың лицензиары – америкалық UOP компаниясы.

Құрылыс кезеңінде шамамен 3,5 мың жұмыс орны ашылады, ал пайдалану кезеңінде 400-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.