Бүгiн 2026, 10:00 Фото: pexels.com

Теңіздегі апат Қазақстанның мұнай өндірісіне соққы болды

Теңіздегі апат пен КҚК жүйесіндегі іркілістер Қазақстандағы мұнай өндіру көлемін шамамен 50%-ға дейін төмендетті.

2026 жылдың қаңтар айында Қазақстандағы үш ірі кен орны – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемін күрт қысқартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның отын-энергетика кешенінің ахуалдық-талдау орталығының деректері мен Reuters агенттігінің есептеулеріне сәйкес, жалпы өндіріс көлемі 2025 жылдың желтоқсанындағы 5,1 млн тоннадан 2,7 млн тоннаға дейін төмендеген (–47%).

  • Теңіз – 0,91 млн тонна (желтоқсанда 2,694 млн тонна, –66%)
  • Қашаған – 1,017 млн тонна (1,512 млн тонна, –33%)
  • Қарашығанақ – 0,782 млн тонна (0,9 млн тонна, –13%)

Өндірістің төмендеу себептері:

  • Теңіз кен орнындағы апаттық жөндеу жұмыстары. «Теңізшевройл» операторы электр жабдықтарында шыққан өртке байланысты 19–31 қаңтар аралығында өндірісті уақытша тоқтатқан;
  • ірі кен орындарының негізгі экспорттық бағыты саналатын Каспий құбыр консорциумы жүйесі арқылы мұнай тасымалдауға қойылған шектеулер.

Жалпы ел бойынша мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі (кең фракциялы жеңіл көмірсутектерді қоса алғанда) 2025 жылғы желтоқсандағы 7,7 млн тоннадан 2026 жылдың қаңтарында 5,3 млн тоннаға дейін азайған.

Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ Қазақстанның экспорттық табысының негізгі бөлігін қамтамасыз ететінін ескерсек, қаңтар айындағы бұл көрсеткіштер тоқсандық өндіріс нәтижелері мен экспорт көлеміне әсер етуі мүмкін.