Теңіз жаяу әскерлерінің жауынгерлік даярлығы жетілдіріледі
"Оймаша" оқу-жаттығу полигонында жауынгерлік атыстар өтіп жатыр. Сабақтың тақырыбы бөлімшелердің күндіз де, түнде де негізгі ұрыс түрлерінен оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауын көздейді, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған шараға мыңнан астам әскери қызметші қатысты, 20-дан аса әскери техника, оның ішінде танктер, бронды транспортерлер мен артиллериялық қарулар жұмылдырылды.
Полигонда нақты ұрыс көрінісін жасау үшін бронды машиналарды, атыс нүктелерін және қарсыластың тірі күшін имитациялайтын нысандар қолданылды. Шартты қарсыластың нысандары мен қару-жарақтары түрлі оқ-дәрілермен жойылды.
Теңіз жаяу әскерлерінің бөлімшелері қарсыласпен бетпе-бет келіп, қорғаныста, шабуылда және күндізгі-түнгі ұрыс іс-қимылдарын пысықтады.
Артиллериялық бөлімшелердің экипаждары мен жауынгерлік есептоптары атыс позицияларын өрістету және орналастыру, инженерлік жабдықтар және оларды бүркемелеу, нысаналарды барлау және оқ атуды басқару жөніндегі нормативтерді орындау кіретін жорық іс-қимылдарын пысықтады.
Полигонда командирлерден тәуелсіз шешімдер қабылдауды және сеніп тапсырылған бөлімшелерге шебер басшылық жасауды талап ететін жағдай жасалды.
Сабақ барысында теңіз жаяу әскерлерінің далалық машығы мен бөлімшелердің үйлесімділігі жетілдіріледі. Жас командирлер ұрыс барысында жеке құрамды басқару тәжірибесін үйренеді. Әскери қызметшілер іс жүзінде ұрысқа барынша жақындатылған жағдайларда әрекет ете отырып, қойылған міндеттерді орындау тәртібін меңгереді, – деп атап өтті 2 шабуылдау батальонының командирі капитан Дамир Мақсатов.
Жауынгерлік атыс дегеніміз - тактикалық дайындықты оқытудың ең жоғары нысаны, бөлімшелер мен кіші топтардың жауынгерлік үйлесімділігі мен атыс жаттығуларының қорытынды кезеңі.