Теңіз жаяу әскерлерінің сарбаздары алғаш рет жауынгерлік атыс жүргізді

«Оймаша» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 25744 әскери бөліміне осы көктемде мерзімді әскери қызмет өткеруге келген 300-ден астам жас сарбаз алғашқы жауынгерлік атыстарға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сарбаздар алдымен атыс қаруының сипаттамаларын, оқ ату техникасын және қауіпсіздік шараларын зерделеді. Оқ-дәрілерді алып, қаруды оқтаудан бастап, атыс кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтауға дейінгі барлық іс-қимыл элементтері кезең-кезеңімен пысықталды.

Дайындық шараларынан кейін жауынгерлер АК-74 автоматынан оқ атудың алғашқы жаттығуларын орындады. Атыс қорытындысы бойынша 25744 әскери бөлімі жас сарбаздар ротасының командирі капитан Серікжан Тортаев қатардағы жауынгерлер Рауан Базарбаевты, Бехруз Омаровты және Кирилл Нестеровты ерекше атап өтті.

Автоматты қолына алғаш рет ұстап тұрған адам үшін бұл өте жақсы нәтиже. Біздің бөлімге еліміздің барлық өңірінен әскерге шақырылушылар келді. Олардың жауынгерлік дайындыққа қызығушылығы мен Отанға қызмет етуге деген ынтасын атап өткім келеді, – деді рота командирі.

Қызмет барысында командирлер мен тәжірибелі тәлімгерлердің басшылығымен жастар әскери техникамен және қару-жарақпен жұмыс істеуді үйрененіп, әскери-есептік мамандыққа ие болады.

Таяу күндері жауынгерлік даярлықтың негіздерін меңгерген жас жауынгерлер әскери ант қабылдап, Отан қорғаушылар қатарына қосылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы