Теңіз кен орнындағы жарылыстың себебі анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының Теңіз кен орнындағы жарылыс құбырдың фланецті қосылысының үзілуінен болған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс бөлімі мәлімдеді.
Бүгін, 6 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 9:55-те Теңіз кен орнында жарылыс болып, екі адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.
Жарылыс Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 150 шақырым қашықтағы Теңіз кен орнында болған. Жарылыстың салдарынан үш адам жарақат алған.
Теңіз кен орнындағы 3-буын зауытының 42-учаскесінде гидротест жүргізу кезінде құбырдың фланецті қосындысы үзілген. Аталған жобаны іске асыратын мердігер компания – «Сенімді Құрылыс» ЖШС-де жұмыс істейтін 1985 жылғы ер адам оқиға орнында қаза тапты. Кейін «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты медициналық клиникада «Агропром техника» ЖШС-нің бір жұмысшысы қайтыс болды. Оның жасы – 37-де, -деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Кен орнындағы жарылыстан үш адам зардап шеккен. Олар – Onstream Kazakhstan, «Сенімді Құрылыс» және «Мұқан сервис» ЖШС-нің жұмысшылары. Зардап шеккендер – 29 және 26-жастағы ер адамдар.
Жарақат алған жұмысшының бірі – Onstream Kazakhstan ЖШС-нің 26 жастағы ер адам «Теңізшевройл» ЖШС-нің әуе кемесімен Атырау облыстық ауруханасына жеткізілді. Қазір науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Науқас облыстық аурухананың хирургия бөлімшесіне жатқызылды, - деді департаменттің баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен жұмысшылардың денсаулығы туралы айтқан болатын.