Теңгенің болашағы қандай? Ұлттық банк өкілі маңызды бағыттарды түсіндірді
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин теңгенің қалыптасу кезеңдеріне тоқталып, ұлттық валютаның болашағына қатысты маңызды бағыттарды айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, теңге осы уақытқа дейін талай тарихи кезеңді бастан өткерді. Кеңестік жүйеден нарықтық экономикаға көшу, гиперинфляция, деноминация және ұлттық валютаның енгізілуі – соның бір бөлігі ғана. Кейінгі жылдары Қазақстанның қаржы жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасып, банк секторы, бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру саласы дамыды.
Осының барлығы теңгенің тәуелсіздігіміздің айқын нышаны ретінде қалыптасуына ықпал етті. Бұл жолда көптеген қиындық пен дағдарысты бастан өткердік. Әсіресе 2020 жылдан 2022 жылға дейін және одан кейінгі кезеңде еліміздің сыртында түрлі геосаяси және экономикалық дүрбелеңдер болды. Соған қарамастан, қабылдаған шешімдеріміз, ұстанып отырған айырбас бағамы режимі мен ақша-кредит саясаты экономикамыздың тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Мұны үлкен жетістік деп санаймын, – деді ол.
Рүстем Оразалин қаржы саласында жаңа технологиялардың енгізілуі де маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, цифрлық теңгені дамыту және ұлттық валютаны цифрлық форматқа көшіру қаржы жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Алайда бұл үдеріс қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуға тиіс.
Оразалин Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны төмендету екенін де атап өтті. Оның сөзінше, теңге бағамының нығаюы және экономикадағы құрылымдық өзгерістер алдағы уақытта инфляцияны біртіндеп төмендетуге ықпал етуі мүмкін.
Біздің халық алдындағы ең басты міндетіміз – заңға сәйкес инфляцияны ауыздықтау. Инфляцияны кезең-кезеңімен көзделген 5 пайыздық нысаналы деңгейге жеткізуге күш салып жатырмыз. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономиканың орнықты дамуына, инвестиция тартуға және қаржы ресурстарын жұмылдыруға басымдық беріп отырмыз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы Жолдауында айтты, – деді Рүстем Оразалин.
Оның айтуынша, Ұлттық банк алдағы уақытта да макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, қаржы технологияларын дамытуға және экономиканың орнықты дамуына жағдай жасауға күш жұмылдырады.