TEŃGEGE 30 JYL коллекциялық монеталары айналымға шығады
Ұлттық банкі 2023 жылғы 6 қарашада «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясынан TEŃGEGE 30 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Монеталардың сатуға шығарылатын күні ҚҰБ ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда қосымша хабарланады.
TEŃGEGE 30 JYL коллекциялық монеталары туралы
15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасына 30 жыл толады. Әр елдің ұлттық валютасы – тәуелсіздік пен егемендіктің белгісі, мемлекеттегі ақша жүйесінің негізі саналады.
TEŃGEGE 30 JYL монетасының дизайны цифрлық технологияларды дамыту тұрғысынан «₸» теңге белгісін пайдалануға негізделген. Белгінің сол жағындағы ою-өрнек даму мен өркендеуді, сондай-ақ ұлттық болмыс пен нақышты білдіреді.
TEŃGEGE 30 JYL коллекциялық монеталары:
– күмістен жасалған, сынамасы – 925/1000, өн бойында тантал металл да бар. Монета диаметрі – 50 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 1 000 теңгелік, таралымы – 300 (үш жүз) дана. Монетаның жалпы массасы – 84,32 грамм;
Номиналы 1 000 теңгелік TEŃGEGE 30 JYL монетасының бейнесі
– алтын жалатылған күміс монетаның сынамасы – 925/1000, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 500 теңгелік, таралымы – 2 000 (екі мың) дана.
Номиналы 500 теңгелік TEŃGEGE 30 JYL монетасының бейнесі
Коллекциялық монеталар елдің бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Теңге сарайында дайындалды.
Пайдаланушы үшін «Қазақстан монеталары» мобильді қосымшасы да жұмыс істейтінін еске сала кетейік. Онда монеталарға қысқаша сипаттама беріліп, сериялар бойынша тақырыптық бөлімдерге бөлінген. Яғни, ҚҰБ шығаратын монеталар туралы ақпарат толықтай қамтылған. Жекелеген монеталар бойынша бейнероликтерге, монеталардың 3D-суреттеріне, сондай-ақ толықтырылған шынайылық элементтеріне сілтеме берілген.