Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы. 10 пайыз сыйақы қалай және қашан төленеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елде доллар өсіп, теңге құнсыздана бастағанда Үкімет пен Ұлттық Банк Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы туралы айтып, бірлескен мәлімдеме жасаған болатын. Енді Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы деген не? Ол қалай іске асырылады? Оған кімдер қатыса алады? Осы және өзге маңызды сұрақтарға осы мақалада жауап береміз.

24 ақпан күні Үкімет пен Ұлттық Банк Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жөнінде бірлескен мәлімдеме жасаған болатын.

Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы деген не? 

Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы – салымдарға өтемақы төлеуді көздейтін бағдарлама. 

Бағдарламаға 2022 жылдың 23 ақпанындағы операциялық күннің соңына дейін қолданыста болған депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар – екінші деңгейлі бір немесе бірнеше банкте ашылған, ұлттық валютада, яғни теңгелік салымы бар жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатыса алады. 

Өтемақы төлеудің міндетті шарты бойынша, депозит 2022 жылдың 23 ақпанынан 2023 жылдың 24 ақпанына дейін, яғни кемінде 12 ай сақталған болуы керек. Егер салымның мерзімі өтемақы (сыйақы) төленгенге дейін аяқталған болса, депозит бағдарлама аяқталғанша ұзартылуы қажет.

Өтемақыны жинақ депозиттері мен мерзімді депозиттер, соның ішінде тұрғын үй жинақ салымдары мен білім беру жинақ салымдары бойынша алуға болады. Бағдарлама ағымдағы және карточкалық шоттарға, сондай-ақ шартты депозиттер мен талап етілгенге дейінгі депозиттерге қолданылмайды.

Мемлекеттен берілетін өтемақы немесе депозит сомасынан 10% мөлшеріндегі бір реттік сыйқақы банк есептеген пайыздық сыйақыға қосымша төленеді. 

Өтемақы сомасы тек 20 миллион теңгеден асатын ірі салымдар үшін ғана шектеулі. Яғни ондай депозиттердің өтемақысы 20 миллион теңгенің 10%-ын құрайды.

Салымшының депозиттері әртүрлі банкте ашылған жағдайда, сыйақы әр банкке бөлек есептеледі. Яғни, салымшы Бағдарламада көрсетілген шартқа сай барлық банктегі салымдары үшін қосымша сыйақы алады. 

Бағдарламаға қалай қатысуға болады?

Әзірлеушілердің алдын ала ақпараты бойынша, теңгелік депозиттерді қорғауға бағытталған бағдарлама өтініш беру формасына ие болуы мүмкін. Яғни салымшылар банкке өз бетінше өтінім жолдауы керек. Оны жазбаша нұсқада немесе онлайн-сервис арқылы жүзеге асыруға болады, - делінген АКДҰББҚ  директорының міндетін атқарушы А. Ахметжанның ресми сауалға жауабында.

Дегенмен ақырғы шарт, соның ішінде бағдарлама өтініш беру формасын сақтап қала ма әлде өтемақы барлық салымшыға өз алдына аударыла ма, ол жағы НҚА жобасы бекітілген соң белгілі болады. 

Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес бағдарламаны іске асыру аясында қазіргі таңда ұлттық валютада (теңге) орналастырылған депозиттер бойынша өтемақы төлеу ережесі мен шарттардың жобасы әзірленіп жатыр. Ол өтемақы төлеу ережесі мен шарттарға салымшының келісімі туралы тиісті өтініш берудің шарттарын, тәртібі мен мерзімін белгілейді.

Қандай салымдар бойынша өтемақы алуға болады?

Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы кең таралған барлық салымға қолданылады.

Олар:

  • жинақ салымдары;
  • Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жіктемесіндегі мерзімді, сондай-ақ мерзімсіз салымдар;
  • «Отбасы» банктегі салымдар, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясындағы салымдар (AQYL депозиттері).

Қай уақытта өтемақы төленбейді

Егер салымшы депозитті толықтырған болса және ақшаны шешіп алмаған болса, онда сыйақы 2022 жылғы 23 ақпанның соңындағы қалдық сомаға есептеледі. Естеріңізге саламыз, 20 млн теңгеден асатын ірі көлемдегі салымдар бойынша 10% сыйақы тек 20 млн теңгеге ғана есептеледі.

Егер салымшы ақшаны депозиттен ішінара шешіп алған болса, онда төленетін өтемақы барлық алынғанды және толықтыруларды ескере отырып, 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезең үшін депозиттегі ақша қалдығының ең төменгі сомасының 10%-ын құрайды. Тағы естеріңізге саламыз, депозиттің 20 млн теңге көлеміндегі максималды сомасы ғана ескеріледі.

Егер салымшы 12 ай өткенге дейін депозитті толық шешіп алса, өтемақы төленбейді. Мерзімін созу объективті түрде мүмкін емес депозиттер бойынша сыйақыларды есептеу шарттары әлі нақтыланып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы