Теңгедегі депозит пен доллардағы салым: Қайсысы ұтымды?

Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, АҚШ доллары күннен-күнге құлдырап, бүгінгі бағам бойынша 1 АҚШ доллары – 494,63 теңгені құрады. Бұл қаржысын доллармен жинайтын салымшылар үшін алаңдаушылық тудырып отырғаны жасырын емес. BAQ.KZ тілшісі «қаржыны теңге арқылы депозитке жинаған жөн бе, әлде доллармен салым жасаған абзалырақ па?» деген сауалдарға экономист Бауыржан Ысқақпен бірге жауап іздеп көрді.

Теңгедегі депозит: жоғары пайыз, бірақ тәуекел бар

Елімізде соңғы жылдары қазақстандық банктер депозиттер бойынша бірнеше жоғары пайыздық мөлшерлеме ұсынып келді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай теңгедегі депозиттердің басты ерекшелігі – табысында. Егер ақшаны қысқа немесе орта мерзімге жинап, оны еліміздің аумағында жұмсауды көздесе, теңгедегі депозит тиімді болмақ.

Экономист Бауыржан Ысқақ қаржыны теңгемен жинақтау, долларлық салымға қарағанда тиімдірек дейді.

Қысқа мерзімді кезеңде, яғни 6-12 ай ішіндегі, теңгедегі депозит тиімдірек болып көрінеді. Себебі теңгелік салымдарда пайыздық мөлшерлеме жоғары болады. Ал доллардағы депозиттердің табысы өте төмен, кей жағдайда ол инфляцияны да жаппайды. Сондықтан доллардағы салымды табыс табу құралы емес, капиталды сақтаудың құралы ретінде қарастырған дұрыс, - дейді ол.

Теңгедегі депозиттің қаупі қандай?

Теңгедегі депозиттің әлсіз тұсы да жоқ емес. Мысалы, Ұлттық валюта құнсызданған жағдайда, депозиттен түскен табыс валюталық өлшеммен азаюы мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Ал екінші қауіп – инфляция.

Сарапшылар бұл қауіптерді былайша бағамдайды.

Олардың сипаты әртүрлі: инфляция – тұрақты, күнделікті тәуекел болса, девальвация – кезеңдік құбылыс, бірақ соққысы әлдеқайда қатты. Қазіргі жағдайда салымшылар үшін басты қауіп – инфляция болып отыр. Егер депозит пайызы инфляциядан төмен болса, адам номиналды түрде табыс тапқанымен, нақты өмірде ұтылады, - дейді Бауыржан Ысқақ.

Доллардағы салым: табыс емес, қорғаныш құралы

Әрине, доллардағы депозиттер жоғары пайызбен ерекшеленбейді. Экономистер пікірінше, көп жағдайда мұндай салымдар тек жинақты сақтап қалу функциясын атқарады. Алайда оның негізгі ерекшелігі – тұрақтылығында. Бірақ экономист оны да нақты қорған деп есептемейді.

Егер сіз теңгемен есептейтін елде өмір сүрсеңіз, доллардағы салым теңге эквивалентінде арзандауы мүмкін. Сондықтан доллар да мінсіз қорған емес екенін ескеру қажет, - дейді ол.

Теңге бағамына қандай жағдайлар әсер етеді?

"Ал алдағы жылы теңге бағамына қандай факторлар әсер етуі мүмкін?" деген сұрағымызға:

Негізгі факторлар – мұнай бағасы, Ұлттық банктің валюталық саясаты, бюджет тапшылығы мен мемлекеттік шығындар, геосаяси тәуекелдер, сыртқы қысымдар және доллардың әлемдік позициясы әсер етеді, - деп жауап берді экономист.

Сондай-ақ ол бұл жерде ішкі экономикалық реформалардан гөрі сыртқы факторлардың салмағы басым болып жататынын да жасырмады.

Маманнан кеңес: қаржыны әртараптандыру керек

Ал доллар төмендеді деп барлық ақшасын долларға айырбастап, пайда табамын деген азаматтардың іс-әрекетіне Бауыржан Ысқақ эмоциямен қабылданған шешім деп баға береді.

Көбіне бұл – кеш қабылданған эмоциялық шешім. Әдетте адамдар долларға бағам өсіп кеткен кезде немесе қорқыныш күшейген сәтте жаппай көшеді. Мен ең дұрыс тәсіл деп қаржыны әртараптандыруды айтар едім, - деп кеңес береді экономист.

Сарапшы пікірінше, қаражаттың бір бөлігін теңгеде – жоғары пайыз үшін, бір бөлігін валютада – тәуекелден сақтану үшін, ал қалғанын басқа құралдарда ұстау қажет. Мүмкіндік болса, активтің бір бөлігін алтын түрінде сақтау да орынды.

Қорытындылай айтқанда, қарапайым салымшы үшін басты мәселе – қай валютада сақтау емес, ақшаны қалай теңгерімді басқару. Тәуекелді бөліп, үнемі жағдайды талдап отыру – қаражатты сақтаудың ең тиімді жолы болмақ.

Осыған дейін қаржы сарапшылары доллар бағамы мен инфляцияға әсер ететін негізгі факторларды түсіндіргенін жазған едік. Сондай-ақ Бауыржан Ысқақ жинақтың негізін қазіргі жағдайда инфляциядан жоғары табыс әкеліп отырған теңгедегі депозиттер құрауы тиіс деген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы