12 Тамыз 2026, 12:10 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Теңге нығайса да, халықтың қалтасы неге жеңілдемеді? – Экономист түсіндірді 

Соңғы айларда Қазақстанның валюта нарығында айтарлықтай өзгеріс байқалды. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 540 теңге шамасынан 470 теңгеге дейін төмендеді. Алайда теңгенің нығаюына қарамастан, халық арасында «баға неге түспейді?», «жалақы өссе де, ақша неге жетпейді?» деген сұрақтар жиі айтылады. Теңгенің күшеюіне не әсер етті? Доллардың арзандауы халық пен бизнеске қандай пайда әкеледі? Ал жалақы көбейгенімен, тұрғындардың сатып алу қабілеті неге бірден артпайды? BAQ.KZ тілшісі экономист Айбар Олжаевпен бірге осы сұрақтарға жауап іздеді.

Теңге неге нығайды?

Доллардың арзандауына бірнеше фактор әсер етеді. Соның бірі – Қазақстандағы базалық мөлшерлеменің жоғары болуы.
Базалық мөлшерлеме жоғары болған кезде банктердегі теңгелік депозиттердің сыйақысы да жоғарылайды. Соның нәтижесінде азаматтар үшін жинағын шетел валютасында сақтағаннан гөрі, теңгелік депозитке орналастыру тартымды бола түседі.

Сонымен бірге жоғары мөлшерлеме кредитті қымбаттатады. Тұрғындар мен кәсіпкерлердің несие алу белсенділігі төмендеп, экономикадағы сұраныс пен ақша айналымына белгілі бір деңгейде тежеуші әсер етеді.

Экономист Айбар Олжаев теңгенің нығаюына ішкі ақша-кредит саясаты да ықпал етіп отырғанын айтады.

Нақты негізгі себептердің бірі – іштен, өзімізден белгілі бір теңгерімді қолға алғанымыз. Базалық ставка жоғары. Ол жоғары болған кезде кредит қымбаттайды, ал депозиттердің пайыздары да өседі. Сондықтан ақшаны теңгеде сақтау тиімді бола бастайды, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда халықтың қаржылық таңдауы да өзгереді. Бұған дейін жинағын долларда ұстаған азаматтардың бір бөлігі қаражатын теңгеге ауыстырып, депозитке салуы мүмкін. Бұл ішкі нарықтағы теңгеге сұранысты қолдайды. Бұл үрдіс тек жеке тұлғаларға қатысты емес. Шетелдік инвесторлар да елдегі пайыздық мөлшерлемеге, валюта тұрақтылығына және жалпы экономикалық жағдайға назар аударады.

Бұл тек Қазақстан азаматтарына қатысты емес. Ішкі және сыртқы инвесторлар бар. Қай елде базалық ставка жоғары болса әрі сол елдің валютасы белгілі бір деңгейде тұрақты болса, инвесторлар сол нарыққа келе бастайды. Олар біздің активтерді алу үшін теңге сатып алады, – деп түсіндірді Айбар Олжаев.

Доллар арзандаса, тауарлар да арзандай ма?

Теңгенің нығаюы бірінші кезекте импортқа тәуелді тауарлардың өзіндік құнына әсер етуі мүмкін. Қазақстан шетелден техника, электроника, автокөлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, шикізат пен өндірістік жабдықтардың бір бөлігін сатып алады.

Доллар арзандаған кезде импорттаушы компанияларға шетел валютасын сатып алу үшін бұрынғыдан аз теңге қажет болады. Бұл олардың шығынын азайтуы мүмкін. Алайда валюта бағамының төмендеуі дүкендегі барлық тауар бірден арзандайды деген сөз емес.

Соңғы бағаға валюта бағамынан бөлек логистика, жеткізу құны, жалдау ақысы, еңбекақы, салық, өндірушінің бағасы және сатушының үстемеақысы сияқты факторлар әсер етеді. Сондықтан теңгенің нығаюының әсері дүкен сөрелеріне бірден жетпеуі мүмкін.

Теңгенің нығаюы бизнеске тиімді ме?

Бұл бизнестің бағытына байланысты. Шетелден құрал-жабдық, шикізат немесе дайын өнім сатып алатын кәсіпкерлер үшін теңгенің нығаюы тиімді болуы ықтимал. Себебі импортқа жұмсалатын валюталық шығын азаяды.

Ал өнімін сыртқы нарыққа сатып, табысын доллармен алатын экспорттаушылар үшін жағдай керісінше болуы мүмкін. Доллармен түскен кіріс теңгеге айырбасталған кезде оның көлемі бұрынғыдан азаяды. Сондықтан теңгенің күшеюін экономика үшін тек оң немесе тек теріс құбылыс деп бағалау дұрыс емес. Оның әсері әр салада әртүрлі байқалады. Ал валюта бағамының алдағы қозғалысына инфляция, базалық мөлшерлеме, инвестиция ағыны, мұнай бағасы, экспорттық түсім және әлемдік нарықтағы жағдай секілді бірнеше фактор ықпал етеді.

Жалақы бар, бірақ ақша неге жетпейді?

Теңге нығайғанымен, халық оның әсерін бірден сезінбеуі мүмкін. Оның басты себептерінің бірі – инфляция.

Жалақының өсуі адамның қаржылық жағдайы міндетті түрде жақсарды дегенді білдірмейді. Егер табыспен қатар азық-түлік, коммуналдық қызмет, жол ақысы, жалдау ақысы мен басқа да күнделікті шығындар одан да жылдам өссе, тұрғынның нақты сатып алу қабілеті төмендейді.

Айбар Олжаевтың айтуынша, адамның жағдайын тек ай сайын алатын жалақысына қарап бағалау жеткіліксіз.

Инфляция – адамзат тарихында бұрыннан бар ұғым. “Байлар байиды, кедейлер кедейлене түседі” деген сөздің бір себебін де осы жерден көруге болады. Өйткені адамның табысы қағаз жүзінде көбейгенімен, оның нақты мүмкіндігі өзгермеуі немесе тіпті төмендеуі ықтимал. Ақшаның шынайы құны оның көлемімен емес, сол ақшаға не сатып ала алатыныңызбен өлшенеді, – дейді экономист.

Мысалы, адамның айлығы 300 мың теңге болып, бір жыл бойы өзгермеді делік. Ал сол уақытта тауарлар мен қызметтер орта есеппен 10 пайызға қымбаттаса, бір жылдан кейін сол 300 мың теңгеге бұрынғыдай көлемде өнім сатып алу мүмкін болмайды.

Яғни жалақы өзгермегенімен, оның сатып алу мүмкіндігі азаяды.

Жалақы өссе де, тұрмыс неге жақсармайды?

Мәселе табыс өскен кезде де сақталуы мүмкін. Мәселен, жалақы 7 пайызға өсіп, сол кезеңдегі баға деңгейі 12 пайызға көтерілсе, адамның номиналды табысы көбейгенімен, оның нақты сатып алу қабілеті жақсармауы ықтимал.

Халықтың “ақша неге жетпейді?” деп айтуының негізгі себептерінің бірі – осы. Мысалы, жалақыңыз 5-7 пайызға өсуі мүмкін. Бірақ сол уақытта инфляция 12 пайыз болса, табыстың өсуі бағаның қымбаттауын қуып жете алмайды. Сондықтан адамның жалақысы көбейгенімен, оның нақты жағдайы жақсармайды. Керісінше, күнделікті қажеттіліктерге жұмсайтын қаражаты арта түседі, – дейді Айбар Олжаев.

Мұны халық күнделікті саудадан жақсы байқайды. Бұрын белгілі бір сомаға толатын азық-түлік себетіне уақыт өте келе аз өнім сыяды. Оған коммуналдық төлем, жол ақысы, пәтер жалдау, киім-кешек пен басқа да тұрақты шығындардың өсуі қосылады. Нәтижесінде айлық табыстың басым бөлігі міндетті қажеттіліктерге жұмсалып, жинақ жасауға немесе ірі сатып алуға қалатын қаражат азаяды.

Инфляция кімге қатты әсер етеді?

Бағаның өсуін табысы төмен отбасылар көбірек сезінеді. Себебі олардың кірісінің негізгі бөлігі азық-түлік, баспана, көлік және коммуналдық қызмет секілді күнделікті қажеттіліктерге жұмсалады.
Ал табысы жоғары азаматтардың шығынын қайта жоспарлап, белгілі бір бөлігін жинаққа немесе инвестицияға бағыттауға мүмкіндігі көбірек. Экономист пандемиядан кейінгі кезеңнің де халықтың сатып алу қабілетіне әсер еткенін атап өтті.

2020 жылғы пандемия Қазақстанға да әсер етті. Сол кезеңде инфляцияның күшеюі байқалды. Ең маңызды мәселе – халықтың номиналды жалақысының өсуі бағаның көтерілуінен кейін қалып қойды. Яғни табыс өсті, бірақ оның өсу қарқыны инфляциямен салыстырғанда төмен болды, – дейді маман.

Экономикада жалақының теңгемен көрсетілген көлемі номиналды табыс ретінде қарастырылады. Ал тұрғынның нақты жағдайын бағалау үшін оның сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып ала алатыны маңызды.

Сондықтан «жалақы өсті» деген көрсеткіштің өзі халықтың тұрмысы жақсарғанын білдіре бермейді.

Халық теңгенің нығаюын қашан сезінеді?

Айбар Олжаевтың айтуынша, 2026 жылдың сәуірінен бастап бірқатар көрсеткіш бойынша жағдай біртіндеп реттеле бастаған. Алайда экономикалық өзгерістердің әсері барлық тұрғынға бір уақытта жетпейді. Әр отбасының тұтыну себеті әртүрлі. Біреу табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсаса, енді бірі ипотека, жалдамалы пәтер немесе көлік шығынын көбірек көтереді. Сондықтан ресми инфляция деңгейі мен әр адамның жеке сезінетін қымбатшылығы бірдей болмауы мүмкін.

Теңгенің нығаюы импорттық шығындарды азайтып, бағаның өсуін тежеуге белгілі бір деңгейде көмектесе алады. Бірақ халықтың тұрмысына нақты әсер ету үшін валюта бағамының төмендеуі ғана жеткіліксіз. Негізгі мәселе – бағаның өсу қарқыны баяулап, азаматтардың табысы одан жылдамырақ артуы. Яғни тұрғындардың жағдайын бағалағанда жалақының қанша теңгеге өскеніне емес, сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатынына қараған дұрыс. Сол кезде ғана «табыс өсті» деген статистика халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгеріске айналады.

Аружан Базарбай