21 Тамыз 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Теңге неге нығайып жатыр және бұл үрдіс қаншаға созылады? Сарапшылар негізгі себептерді атады

Сарапшылардың сөзінше, теңгенің нығаюы инфляцияға да белгілі бір деңгейде әсер ете бастаған.

Теңге доллар бағамына қатысты нығаюын жалғастырып жатыр. 20 тамыздағы сауда қорытындысы бойынша АҚШ валютасының бағамы 458,23 теңге болып, бір тәулікте 3,82 теңгеге төмендеді.

BAQ.KZ тілшісі сарапшылардан ұлттық валютаны қолдап тұрған негізгі факторлар қандай екенін және теңгенің нығаюы қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін сұрап білді.

Экономист Расул Рысмамбетовтің айтуынша, мұнай бағасының жоғары болуы, базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталуы және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің бөлінуі – теңге бағамын нығайтып отырған басты факторлар.

Бірінші фактор – Ормуз бұғазы төңірегіндегі АҚШ пен Иран арасындағы жағдайдың шиеленісуі аясында мұнай бағасының өсуі. Екінші фактор – бюджетке кепілдендірілген трансферт аясында Қазақстанның Ұлттық қорынан доллардың сатылуы, – дейді экономист.

R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың пікірінше, мұнай бағасының жоғары болуымен қатар, теңге бағамына ішкі факторлар да әсер етіп отыр.

Теңгенің нығаюына оң әсер етіп отырған себептердің бірі – көлеңкелі экономиканың үлесінің азаюы. Соның нәтижесінде салық түсімдері артып келеді.

Елімізде цифрландыру белсенді дамып жатыр, мемлекет тарапынан бизнес қызметін және төлемдер кезінде шоттар арасындағы аударымдарды бақылау күшейді.

Сонымен қатар жүргізілген реформалардың, қосылған құн салығының өсуінің және басқа да факторлардың арқасында салық салынатын база кеңейді, – деді Арман Байғанов.

Теңгені «қолдап отырған» тағы бір фактор – Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты. Инфляция шамамен 10 пайыз деңгейінде сақталып отырған жағдайда реттеуші орган біршама қатаң саясат ұстанып, базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап отыр. Байғановтың пікірінше, бұл да ұлттық валютаның нығаюына ықпал етіп отыр.

Инфляцияға әсері

Теңгенің нығаюы инфляцияға да белгілі бір деңгейде әсер ете бастады. Расул Рысмамбетовтің айтуынша, ұлттық валютаның күшеюі импорттық тауарлардың арзандауына мүмкіндік беріп, бағаның өсуін тежейді. Алайда импорт көлемінің артуы отандық өндірушілерге қысым жасап, олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін. Соған қарамастан сарапшы тұтынушылар үшін бағаның төмендеуін күтпейді.

Бағалар төмендейді деп ойламаймын. Көріп отырғанымыздай, бағаның өсу қарқыны баяулады, инфляциялық қысым да біршама әлсіреді. Халыққа тауар сатып алу жеңілдеуі мүмкін, бірақ бағалар арзандай қоймайды, – деді Рысмамбетов.

Бұл пікірді Арман Байғанов та қолдады. Оның сөзінше, теңгенің нығаюы және ұлттық валютаның тұрақтылығы жалпы инфляцияның баяулауына ықпал етеді.

Қазақстанға дайын өнімдердің, техниканың және жоғары технологиялық жабдықтардың едәуір бөлігі импортталады әрі олар АҚШ долларымен сатып алынады. Сондықтан теңгенің нығаюы айырбас бағамының тиімді болуына байланысты мұндай тауарлардың құнын төмендетіп, инфляцияны тежеуге әсер етеді.

Теңгенің әлсіреу қаупі бар ма?

Ұлттық валюта қазіргі уақытта нығайып жатқанымен, бағамның кері бағытта өзгеру қаупі әлі де сақталып отыр. Расул Рысмамбетовтің айтуынша, тәуекелдердің бірі – базалық мөлшерлеменің төмендеуі.

Егер базалық мөлшерлеме 14 пайыздан төмен түссе, шетелдік инвесторларға долларды әкеліп, оны теңгеге айырбастап, қаражатты Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына орналастыру тиімсіз болуы мүмкін, – деп түсіндірді экономист.

Сарапшы тағы бір қауіп ретінде әлемдік мұнай бағасының төмендеуін атайды. Оның пікірінше, АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастың қалыпқа келуі және геосаяси шиеленістің бәсеңдеуі мұнай бағасының арзандауына алып келуі ықтимал.

Ал мұнай бағасының төмендеуі өз кезегінде теңге бағамына қысым түсіріп, ұлттық валютаның әлсіреуіне әсер етуі мүмкін.