Теңге ме, доллар ма: Экономист ақшаны қай валютада сақтаған тиімді екенін айтты
Экономист Арман Байғанов долларды жай сақтаудан гөрі теңгелік депозит, облигация және акциялар табыстырақ болуы мүмкін екенін түсіндірді.
Соңғы жылдары қазақстандықтардың қаржы әдетінде бір түсінік берік орнықты: ақшаңды сақтағың келсе, доллар ал. Бұған өткен жылдардағы бірнеше девальвация, бағамның қайта-қайта құбылуы себеп болды. Сондықтан доллар арзандаса, көпшілік оны қайта өседі деп қабылдап, айырбастау пунктіне асығады. Қазір де 472–475 теңге шамасындағы бағамды көрген жұрттың бір бөлігі «дәл қазір алу керек» деген ойға келіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алайда экономист, R-Finance компаниясының қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов мұндай шешімді эмоциямен емес, нарықтағы ахуал мен жеке қаржы құрылымына қарап қабылдау қажет екенін айтады. Оның сөзінше, доллар бұрынғыдай негізгі жинақ құралы болудан біртіндеп қалып барады.
Долларды жай ұстап отыру тиімді емес
Сарапшы Ұлттық банк төрағасының доллар дәуірі туралы пікіріне ішінара қосылатынын айтты.
Мен Ұлттық банк басшысының пікірімен ішінара келісемін. Егер шетел валютасын жай ғана сатып алып, сақтап қоятын болсаңыз, депозиттегі мөлшерлеме өте төмен – 1 пайыздан аспайды, - деп түсіндірді экономист.
Оның айтуынша, бұл жерде АҚШ-тағы инфляция деңгейін де ескеру маңызды.
АҚШ-та қазір орташа инфляция 4–5 пайыз екенін түсіну керек. Демек жыл сайын ақшаның сатып алу қабілеті төмендей береді, ал банктер ұсынатын сыйақы оны жаба алмайды. Мұны ескеру қажет, - деді Арман Байғанов.
Яғни долларды жай ғана жинақ ретінде ұстап отыру сатып алу қабілетін сақтауға әрдайым көмектесе бермейді.
Теңгелік депозит инфляцияны ішінара жабады
Арман Байғановтың сөзінше, теңгедегі депозиттер әлі де ақшаны құнсызданудан белгілі бір деңгейде қорғай алады.
Ал депозиттердің қазіргі орташа мөлшерлемесі жылына 14–15 пайыз, ал жылдық инфляция шамамен 12–12,5 пайыз. Сонда бәрібір ақшаны құнсызданудан аз да болса қорғайды және шамамен 2–3 пайыз көлемінде табыс әкеледі, - дейді сарапшы.
Сонымен бірге ол бұл көрсеткіштің әрдайым бірдей болмайтынын да айтты.
Бірақ бұл әрдайым солай емес. Ол кезеңге және экономикадағы өзгерістер динамикасына байланысты, - деді ол.
Бағалы қағаздар жоғары табыс бере алады
Қаржылық кеңесші көбірек табыс әкелетін бағыт ретінде облигациялар мен акцияларды атады.
Ал бұдан да жоғары табысты бағалы қағаздар береді. Мысалы, Қазақстанның корпоративтік секторындағы облигацияларға инвестиция салу табыстылығы сәл жоғары – шамамен 18–20 пайыз, - деп атап өтті экономист.
Ал тәуекелге баруға дайын адамдар үшін қор нарығының басқа құралдары бар.
Көбірек тәуекелге барғысы келетіндер үшін акциялар бар, KASE индексі де жақсы өсім көрсетті, - дейді Арман Байғанов.
Шетелдік нарыққа доллармен емес, активпен шығу тиімді
Сарапшы халықаралық нарыққа инвестиция салудың да тиімді жолын атады.
Ал егер шетелдік активтер арқылы әртараптандырғыңыз келсе, жай доллардың өзін емес, халықаралық компаниялардың акцияларын, S&P 500 сияқты индекстерді қарастырған дұрыс, - деп есептейді сарапшы.
Оның пікірінше, бұл тәсіл валютаны жай сақтаудан гөрі әлдеқайда ұтымды.
Неге халық айырбастау пунктіне жүгіреді?
Арман Байғанов мұның себебін қазіргі геосаяси жағдаймен байланыстырды.
Бұл жалпы халықаралық макроэкономикалық жағдаймен де байланысты. Иранға қатысты жағдай теңгенің нығаюына түрткі болды, - деді ол.
Оның айтуынша, жұрт қазіргі бағамды уақытша құбылыс деп қабылдап отыр.
Өйткені олар әскери қимылдар ерте ме, кеш пе аяқталып, мұнай қайтадан 80 долларға түседі деп болжайды. Мұның ықтималдығы жоғары, - дейді Байғанов.
Бұл үрдіс әсіресе импорттаушылар арасында анық байқалады.
Қазақстанға тауар импорттайтын кейбір импорттаушылар қазір доллар сатып алып жатыр. Болашақта тауарды арзанырақ бағамен әкеліп, содан пайда табуды көздеуі мүмкін, - деді ол.
Сарапшының сөзінше, мұнда коммерциялық есеп жатыр.
Яғни олар мұны коммерциялық мақсатта алып жатқан болуы әбден мүмкін, - деп түйіндеді экономист.
Қаржыда эмоция емес, қоржын маңызды
Сарапшы қазір қаржыны тек доллар мен теңге деп екіге бөліп қарау ескірген тәсіл екендігін атады. Нарықта облигация, акция, алтын, индекстер секілді табыс әкелетін балама құралдар көбейді. Сондықтан басты назарды валютаға емес, жеке қаржы қоржынының теңгеріміне аудару маңызды.