Тендерді ұтып алатындар құрылыс материалдарын шетелден әкелуге әуес – Максим Барышев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының алаңында Алматы қаласының жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Кеңейтілген отырыс Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың төрағалығымен өтті. Жартыжылдықтың қорытындысы туралы Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дени Ахмаров айтып берді. Сондай-ақ, оңтүстік астананың жоспарланған және салынып жатқан құрылыс нысандары мен жаңа жолдары туралы баяндамалар тыңдалды.
Жиын мақсаты – өткізілетін сатып алу бойынша есеп беру кезінде тараптардың жауапкершілігін айқындау және құрылыс кезінде қазақстандық өндіріс материалдарын қолдану туралы талапты орындау.
Комиссия жұмысы туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры айтып берді.
Өткен жылы 50 жиналыс өтті. Жергілікті қамту үлесін бақылау үшін 50-ден астам кәсіпорынға бардық. Жергілікті атқарушы органдар мен отандық тауар өндірушілерге арнап, өнімді ілгерілету, сатып алуға қатысу рәсімдері, есептілікті жасау мәселелері бойынша 60 семинар өткізілді. Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы бойынша бізде жергілікті қамтудың үлесі 90%-дан астам көрсеткішті құрады, бұл жоғары нәтиже. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 8 сала бойынша барлық КРІ-ге қол жеткізілді. Кәсіпорындарды қайта жүктеу бойынша нақты қолдау көрсетілді. Бірақ шешілмеген мәселелер әлі де бар. Қазір комиссияның жұмысын оңтайландыратын кез келді, – деді Айтуар Қошмамбетов.
Комиссия тиімділік үшін әкімдіктермен ғана емес, мемлекеттік сектор, квазимемлекеттік сектор, табиғи монополиялар субъектілерімен де жұмыс істейді. Оң динамикаға қарамастан, барлық кәсіпкердің мәселесі бір: жобалық-сметалық құжаттамада импорттық өнім салынады, құрылыс салушы тапсырыс берушінің заңы сақталмайды, мемлекеттік органдар мен тауар өндірушілермен байланысы жолға қойылмаған.
Комиссияның құрылу себебі отандық өнімді ілгерілету проблемаларынан туындады. Мысалы, Қазақстанда шикізаттық емес секторды экспорттайтын компаниялар саны бар болғаны 550. Осы ретте Қазақстанға импорттық өнімді әкелетін және сататын компаниялар 16 мыңнан асады.
Біз экономиканың тұтыну жағына қарай ауытқуын көріп отырмыз. Сондай-ақ, шетелдік көздерден тауар алынады. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз, өздерін тендершілер деп атайтын кәсіпкерлердің белгілі бір тобы пайда болды, олар Қазақстанда тендерлерде жеңіске жетіп, құрылыс материалдарын шетелден сатып алады. Шет елдерден сатып алынатын мұндай тауарлар Қазақстанда, тіпті Алматыда да шығарылады, – дейді Алматы ӨКП Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев.
Комиссия мүшелері мынадай шешім ұсынды: сатып алуларда басымдық алматылық өндірушілерге берілуі керек. Яғни, егер сатып алушы – Алматы қаласының жергілікті атқарушы органы болса, онда бірінші кезекте алматылық өндірушілерден сатып алуы қажет. Барлық өндірістік қуаттар толығымен толған кезде қазақстандық өндірушілерден сатып алу керек. Ал бізде Қазақстанда 100%-ға қуаттылық толатын болса, тек сонда ғана шетелдік компаниялардың қызметіне жүгіну керек.
Нәтижесінде өндіріс жүктемесі артады, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне салық түсімдері ұлғаяды. Өйткені жергілікті бюджетке салықтар шағын және орта бизнес кәсіпорындарынан түседі. Комиссияның әлеуметтік рөлі де бар, мұнда жергілікті тауар өндірушілер алматылықтарды немесе Алматы облысының тұрғындарын жалдайды. Қызметкер еңбекақы алады, болашаққа сенімі артады, – деді Максим Барышев.
Жиында сұрақ-жауап сессиясы қызу пікіріталаспен өтті, қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша қазақстандық өнімді пайдалануды бақылау үшін жақын арада комиссия мүшелері және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мониторингтік топтың құрылыс объектілеріне шығуын қайта бастау туралы шешім қабылданды.
Комиссия төрағасы Әлішер Әбдіқадыров қаланың нақты әлеуетін көрсететін Алматы қаласы өндірушілерінің бірыңғай тізілімін құру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, комиссия отырыстары тұрақты негізде айына екі рет өткізіледі деп шешілді.