Тендерді өздері ұтып алады, бірақ басқалар мердігер болады – депутат
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов тендерді ұтып алатын үкіметтік емес ұйымдар жайлы мәселені көтеріп, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аида Ғалымқызы, өзіңіз білесіз, бірнеше жыл бұрын сізбен осы салада тәртіп орнату үшін біраз жұмыс істедік. Бұл заң керек. Құқықты күшейтіп жатырмыз. Жауапкершілікті де қарағанымыз дұрыс. Бірақ сіздің ойыңызды білгім келеді. Кейбір үкіметтік емес ұйымдар осы саланы бизнес жасап алған сияқты. Бір ұйымдар бар. Олар барлық облыстағы бүкіл тендерді ұтып алады. Онда бес-ақ адам бар. Менің ойымша, олар бүкіл Қазақстанда қалай жұмыс істейді? – деді депутат Мұрат Әбенов.
Депутат бұл мәселенің мән-жайын сұрастырған.
Мен мұны сұрастырдым. Олар басқаларға тендерді береді екен. Өздері ұтып алады, бірақ басқалар «субподрядчик» болады. Жастар мұны әділетсіз дейді. Әрине, олар ұта береді. Олардың тәжібесі бар деп айтады. Осында бір өзгеріс жасау керек шығар. Сондай-ақ жариялылық болуға тиіс. Жылдың соңында бір жылда осындай 200 тендер ұтты деп жазса. Сонда көріп отыратын едік. Сол арқылы тәртіп орнатамыз, - деп айтты Әбенов Мәжілісте.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутат көтеріп отырған мәселе орынды екенін айтты.
Өте орынды көтеріліп отырған мәселе. Шынымен бізде әр байқау 2 процедураны қамтиды. Біріншіден, заңға сәйкестігі. Олар жақсы заңгерлерді тартады. Олардың құжаттарына тиісе алмайсың. Егер біз болмайды десек, ертең олар бізді сотқа береді. Өйткені, олар бізді заңсыз байқаудан шығарып жіберді деп мәселе көтеруі мүмкін. Сондықтан біз оларды қабылдап, жұмыс істеуге мәжбүрміз. Бірақ олардың атқарып жатқан жұмысының сапасы. Менің ойымша, мен айтқан қоғамдық бақылау осыған да бағытталауы керек. Тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, мемлекеттен берілген қаржының тиімді жұмсалуына бақылау керек сияқты. Жақында азаматтық форумда осы мәселелер жан-жақты қаралды. Осы үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты жаңа заң қабылдайық деген ұсыныстар енгізілді. Сол жұмыстың аясында осы мәселені қарауға болады, - деп түсіндірді министр.