Тең жалақы мен құқық: Еңбек адамына қатысты шешім қабылданды

Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде еңбек адамының құқығы мен мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қарар қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Делегаттар еңбек адамының өмір сапасын жақсартуға арналған бірқатар бастаманы қолдап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын толық қолдайтынын мәлімдеді.

Съездің басты үндеуі – “Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар”. Бұл бастама еңбек саласындағы әділеттілік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Негізгі бағыттар:

  • Еңбек адамы – қоғамның басты құндылығы. Кәсіподақтар жұмысшылар құқығын қорғауды негізгі міндет деп санайды;
  • Президенттің “Әділетті Қазақстан” тұжырымдамасына толық қолдау;
  • 2025 жыл – Еңбек мамандықтары жылы. Бұл бастама еңбек мәртебесін арттыру мен кәсіби білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған;
  • Жұмыс берушілермен ұжымдық шарттар арқылы жалақыны индекстеу, еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік жеңілдіктерді кеңейту;
  • Әйелдердің еңбек құқықтары мен жалақы теңдігін қамтамасыз ету;
  • Экологиялық жауапкершілік пен таза еңбек ортасын қалыптастыру;
  • Еңбек қатынастарындағы заң мен тәртіпті сақтау – жұмыс берушілер мен жұмысшылардың ортақ міндеті.

Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестік пен қоғамдық диалогты тереңдетуге шақырып, азаматтық қоғамның барлық өкілдерін еңбек адамына лайықты жағдай жасауға үндеуде.

Біз еңбек адамын қорғау мен қолдаудағы міндетімізден ешқашан таймаймыз. Әділ еңбек – Әділетті Қазақстанның өзегі болуы тиіс, – делінген қарарда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы