Теміржолшы. Темірдей тәртіпті талап ететін мамандық
Елімізде жыл сайын тамыздың бірінші жексенбісінде Теміржолшылар күні мерекесі аталып өтіледі. Кәсіптік мерекесі қарсаңында ардагер теміржолшылар мамандықтың қиын екендігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау облысындағы Теңдік стансасында техник болып жұмыс істейтін Гүлжамал Еділбайқызы өз ісінің білгірі.
1985 жылы Теңдік стансасына техник мамандығы бойынша жұмысқа орналастым. 1989 жылдан бері кезекші қызметін атқарып келемін. Теміржолдың торабында 37 жыл жұмыс істеппін. Теміржолдың жұмысы өте қиын. Қызығынан қиындығы көп, - деп ағынан жарылды ардагер теміржолшы.
Қазыбек Ыдырысұлы да бар өмірін шойын жолға арнаған мамандықтың адал иесі.
Менің мамандығым – өте қауіпті. Өндірістік қауіптілігі өте жоғары аймақта жұмыс істейміз. Теміржол тасымалында қызмет етіп келе жатқан барша әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын! Темірдей мықты денсаулық тілеймін! – деді ол.
Маңғыстау облысы Бейнеу стансасында еңбек ететін Айжарық Теңгірбеков те 40 жылдан астам уақыттан бері халық үшін аянбай жұмыс істеп келеді.
1978 жылы оқу бітірген соң еңбек жолымды теміржолдан бастадым. Халыққа қызмет қыламын деп жұмыстың ауырлығына қарамастан іске кірістім. 1986 жылы теміржол монтері, одан соң жол шебері, одан кейін аға жол шебері болдым. Адал еңбегімнің арқасында бөлім басшысына дейін көтерілдім. 40 жылдан астам уақыттан бері осы саладамын. Жастарға болашақта елімізді алға көтеріп, теміржол саласын дамытуға шақырамын, - дейді Айжарық Теңгірбеков.
Теміржол саласы – ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан саланың бірі екені айтпаса да түсінікті. Мереке қарсаңында күрежолдың кәсібилеріне қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандықта қала мен қаланы, ауыл мен ауылды бір-бірімен байланыстырудан тынбауларын тіледік.