Теміржолдағы адам қазасы: Депутат жүйелі өзгерістерді талап етті
Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Қарағанды облысында болған төрт теміржолшының қазасына қатысты пікір білдіріп, бұл оқиғаны “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясындағы басқару жүйесінің терең проблемасымен байланыстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бұл жағдай бойынша ең алдымен компания басшылығынан қатаң түрде жауап талап етілуі тиіс.
Бұл – жалпы менеджменттің кризисі. Мұнда міндетті түрде басшылықтан талап ету керек. Төрт адамның өлімі – жай ғана статистика емес. Олардың артында балалары, отбасылары, туыстары қалды. Компания басшылығы сол адамдардың алдына барып, жауап беруі керек, – деді Олжас Құспеков.
Оның пікірінше, бұл оқиға теміржол саласындағы жүйелі кемшіліктерді айқын көрсетіп отыр. Депутат қаза тапқандардың барлығы өз қызметін атқарып жүрген жұмысшылар екенін ерекше атап өтті.
Егер бұл сырттан келген көлік теміржолдан өтіп, ереже бұзып соқтығысса, онда біз “жүргізуші кінәлі” дер едік. Бірақ бұл – жұмыс істеп жүрген адамдар. Олардың жұмыс графигін де, пойыз қозғалысының кестесін де “Қазақстан темір жолы” бекітеді. Демек, бұл – ҚТЖ-ның ішіндегі менеджменттің үлкен проблемасы, – деді депутат.
Олжас Құспековтің айтуынша, теміржол саласында орталықтандыру шамадан тыс күшейген.
Қазір ҚТЖ аймақтардағы көптеген басқару функцияларын орталыққа тартып алған. Бұрын жергілікті жерде шешілетін мәселелердің бәрі орталыққа кеткен. Бірақ орталықта адам саны жетпейді, үлгермейді. Соның салдарынан сапасыз жұмыстар пайда болып жатыр, – деді ол.
Депутат болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі өзгерістер қажет екенін айтты.
Бір адамның өлімі – бұл бүкіл жүйедегі үлкен проблеманың көрсеткіші. Мұндай апаттарды болдырмау үшін автоматтандыру, цифрландыру мәселесін түбегейлі қарау керек, – деді Құспеков.
Сондай-ақ депутат қаза тапқан теміржолшылардың отбасыларына көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл тек ҚТЖ-ның ішкі шешімімен емес, Еңбек кодексіне сәйкес реттеледі.
Бұл – жұмыста алған өлім ретінде қаралады. Сот шешімі шыққанға дейін де әлеуметтік қамтамасыз ету қарастырылған. Ал егер жұмыс берушінің кінәсі дәлелденсе, онда өмір бойы өтемақы төлеуге дейін талап қойылады, – деді ол.
Олжас Құспеков қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, олардың қайғысы орны толмас екенін жеткізді.
Бұл – бір үйдің асыраушылары еді. Мұндай қасіреттің орнын ештеңе толтыра алмайды, – деді депутат.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда әлеуметтік желілерде марқұмдардың туыстары тарапынан наразылық бар екенін атап өтті. Дегенмен депутаттың айтуынша, нақты құқықтық баға беру үшін тергеу мен сот шешімін күту қажет.