Теміржолда арамшөп тазалап жүрген жұмысшыларды пойыз қағып кетті
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үш адамның қаза тапқанын анықтады.
Жапонияда жүрдек пойыз теміржолда жұмыс істеп жүрген төрт қызметкерді қағып кетті. Оқиға Токиодан солтүстікке қарай шамамен 100 шақырым жерде орналасқан Канума қаласындағы Син-Канума станциясында болған.
BILD мәліметінше, жұмысшылар пойыз соққан кезде теміржол маңындағы арамшөптерді тазалап жүрген.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үш адамның қаза тапқанын анықтады. Қайтыс болғандардың жасы 50 мен 60 аралығында. Апаттың нақты себептері әзірге анықталып жатыр.
Пойызда 50-ге жуық жолаушы болған. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Бұл Жапонияның теміржол жүйесі үшін сирек кездесетін оқиға саналады. Шинкансен жүрдек пойыздары 1964 жылы іске қосылғаннан бері жолаушылар арасында пойыздардың соқтығысуы немесе рельстен шығуы салдарынан адам өлімі тіркелмеген.