Теміржол тарланы Құдайберген Көпжасаровтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды
Алматыда Жамбыл және Төлебаев көшелерінің қиылысында орналасқан №160 үйдің қабырғасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның транспорт саласына еңбегі сіңген қызметкер, Мемлекеттік сыйлық иегері Құдайберген Көпжасаровтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты шараға құрметті теміржолшылар, отбасы мен туыстары, қатысып, естеліктерімен ой бөлісті.
Құдайберген Дүйсенұлының қазақ теміржол тарихында алар орны ерекше. Ұзақ жылдар бойы еселі еңбек етіп, осы саланың дамуына өзіндік үлесін қосқан жанның еңбегі бүгінгі ұрпаққа қашанда үлгі. Құдайберген Дүйсенұлы кенже дамыған саланың дамуы үшін барлық саналы ғұмырын арнады. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп, мамандар қатарын арттырды. Мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен азаматтың жарқын бейнесі жүрегімізде жатталып, есімі елінің есінде сақталады, – деді Алматы қаласының мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Қазақстанның теміржол саласының дамуына зор үлес қосқан азаматтың артында мол мұра қалды. Сонау 1976 жылы барлық өңірдегі теміржолға қатысты мамандардың басын қосып, осы салаға қатысты түйткілді мәселелерді талқылады. Ол кезде аталмыш сала мамандарының өте тапшы кезі. Осы мәселені тиісті жерге жеткізіп, көп ұзамай Қандыағаш, Мақат теміржолдары үшін маман тапшылығы мәселесі өз шешімін тапқан еді.
Өз білімі мен еңбексүйгіштігі арқасында Құдайберген Дүйсенұлы Жоғарғы кеңестің депутаты болды. Сонымен қатар Алматы-1, Шу, Семей, Көкшетау станцияларының, облыс орталықтарында теміржол вокзалдары ғимараттарының ашылуына да мұрындық болды. Осылайша Қазақстан теміржолының дамуына орасан зор үлесін қосып, жүк және жолаушылар тасымалын дамытты. Халықаралық қатынастың жақсаруына зор үлесін қосты. Айтулы азаматтың шәкірттері бүгінде аталмыш саланың нағыз мамандарына айналып отыр, – дейді Көпжасаровтың шәкірті, құрметті теміржолшы Қалтай Сәмбетов.
Іс-шара соңында отбасы мен туыстары атынан Мәриям Дүйсенқызы сөз алып, қала әкімшілігіне алғыс білдірді. Барлық қатысушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-сазгер Шәміл Әбілтайұлының орындауындағы «Түрксіб толғауы» атты шығармасын тыңдап, теміржолшының рухына тағзым етті.