Теміржол саласында қанша әйел жұмыс істейді

Теміржол саласында 1,6 мыңнан астам әйел жолсерік және касса қызметкері еңбек етеді, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" компаниясы.

Бүгінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ-да 3,5 мыңнан астам әйел жұмыс істейді, олардың ішінде 1256 жолсерік пен 401 касса қызметкері бар.

Жолсерік арулар ай сайын 170-180 сағат уақытын жолда өткізіп, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін отбасынан жырақта еңбек етеді, - дейді ведомство.

Жолсеріктер қажет болған жағдайда психолог, бала күтуші, тіпті дәрігер қызметін де атқарады.

Соңғы үш жылда пойызда 14 нәресте өмірге келген. Мұндай күтпеген жағдайда жолсеріктер шұғыл әрекет етіп, аналарға қолдау көрсетіп, сәбилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Айта кетерлігі, бұл жауапты сәттерде көмек қолын созған жолсеріктердің көбі өздері де көпбалалы аналар, - делінген компания хабарламасында.

Теміржол саласының ажырамас бөлігі – касса қызметкерлері. Олар билет рәсімдеумен қатар, жолаушыларға бағыттар мен қозғалыс кестесі туралы ақпарат беріп, сапардың жайлы өтуіне ықпал етеді. Бүгінде елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін 165 касса бар және олардың үздіксіз қызметі – екі ауысымда еңбек ететін әйелдердің табанды еңбегінің нәтижесі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы