Теміртаулықтан жарты келіден астам есірткі тәркіленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Теміртаулық жас жігіттен жарты келіден астам гашиш тәркіленді.
Polisia.kz порталының хабарлауынша, Теміртау қаласы Полиция басқармасының есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлеріне белгісіз бір азаматтың есірткі сатып жүргені туралы ақпарат келіп түскен.
Жедел ақпаратты тексеру барысында полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы азаматты ұстады. Ұсталған азаматтың үйіне жүргізілген санкцияланған тінту кезінде кіреберістегі шкафтан он полимерлік пакетке оралған ұнтақталған зат алынды.
Сондай-ақ қонақ бөлмесінен де осыған ұқсас заттар тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың жалпы салмағы 615 гр гашиш екені анықталды.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297- бабына сәйкес (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.