Теміртаулық оқушылар экскурсия жүргізетін робот құрастырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда KazRoboProject-2019 ғылыми-техникалық жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті. Қатысушылар «Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру» тақырыбындағы жұмыстарын ұсынды. Жеңімпаздар ақтық сайысқа өтіп, бас жүлде үшін бақ таластыратын болады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Жарыс Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің базасында өтті. Сайысты «Казроботикс» республикалық білім беру және спорттық робототехника федерациясының облыстық филиалы және «RoboClub» ЖШС бірлесе отырып ұйымдастырған. Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, Қарағанды облысының Білім басқармасы, Bolashaq Қарағанды жоғары колледжі және бірқатар компаниялар серіктестері болды.

Қазылар алқасы екі жас санаты бойынша: 10-15 және 16-21 жас аралығындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді таңдады. Кіші топта Қарағанды қаласының № 9 гимназиясының оқушылары Данил Мищенко және Алан Құрмановтың (жетекшісі – Елена Ильина) энергия үнемдейтін «ақылды» бағдаршам жобасы үздік деп танылды.

Жоғары топта Теміртау қаласының № 1 гимназиясының оқушылары Антон Федоров пен Ирина Ким (жетекшісі – Евгения Кадысева) «Қала бойынша Робогид» жобасымен жеңіске жетті. Теміртаулық жоғары сынып оқушылары трамвайда қала бойынша қатынайтын және көрнекті орындармен таныстыратын экскурсия жүргізетін робот құрды.

Жоба авторларының айтуынша, олар көліктің осы түрін кездейсоқ таңдамаған. Себебі трамвай желілері еліміздің бірнеше қалаларында ғана, оның ішінде Теміртау қаласында қалған. Оқушылар трамвай құрастырып, қала картасына ұқсастырылған төсем бойынша қозғалыс бағдарламасын әзірлеген. Жобаны әзірлеуде 3D-модельдер қолданылған.

Жеңімпаз командалар 2019 жылы маусымда Нұр-Сұлтанда өтетін байқаудың ақтық сайысында облыс намысын қорғайтын болады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы